Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы mangystaumedia.kz сайты жариялаған Жыңғылды ауылы аумағында орналасқан археологиялық ескерткіштер туралы мақала қатысты жауап берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аталған мақалада Маңғыстауда археологиялық ескерткіштер аяусыз жойылып жатқаны туралы археолог Андрей Астафьевтің жанайқайы айтылған болатын. Жыңғылды ауылының маңынан табылған V-V ғасырлардағы жерлеу орындары траншеяға көмілгені мәселе ретінде көтерілді.
Осыдан кейін Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы тиісті жұмыстардың атқарылып жатқанын жатқанын мәлімдеді.
«2018 жылы Жыңғылды ауылының маңында табылған ескерткішке археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін алдын-ала ескерткіштер тізіміне алынып есепке қойылған. Маңғыстау ауданына «Жыңғылды» тарихи-мәдени ескерткіші алдын-ала ескерткіштер тізіміне алынғаны жөнінде хат жолданған.
Осы жылдың қыркүйек айының соңында басқармаға қарасты «Маңғыстау тарихи-мәдени қорығы» мемлекеттік мекемесіне археолог Андрей Астафьев «Жыңғылды» тарихи-мәдени ескерткішінде жүргізілген заңсыз құрылыс жұмыстары жайлы хабарлаған болатын. Бұл хабарлама түскеннен кейін Қорық мамандарына тиісті тапсырмалар беріліп ескерткіш басына барып, орын алған заңбұзушылықтар бойынша акт жасақталды. Сонымен қатар Маңғыстау аудандық әкімдігіне құрылысты тоқтата тұру және объектіде жүргізілген археологиялық сараптама қорытындысын ұсыну қажеттілігі туралы хат жолданды. Маңғыстау ауданы әкімдігі тарапынан аталған сараптаманың жүргізілмегендігі және қорытындының жоқтығы туралы жауап хат келді. Онда ҚР Жер кодексінің 127-бабына сәйкес «жер учаскелері бөлінгенге дейін аумақтарды игеру кезінде ҚР заңнамасына сәйкес тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау бойынша археологиялық жұмыстар жүргізілуі тиіс» деп жазылған. Орын алған заңбұзушылықтар дерегі бойынша мәдениет басқармасы тарапынан Маңғыстау аудандық прокуратурасына және Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына осы бұзушылықты жою жөнінде тиісті шаралар қабылдау қажеттігі туралы хат жолданды», - деп жазылған мәдение басқармасының ресми жауабында.
Қазіргі уақытта аталған мәселеге қатысты мемлекеттік органдардың жауабы жарияланатын болады.
2019 жылы Жыңғылды ауылына су құбырын тарту үшін қазылған траншеядан адам сүйектері табылған еді. Археологтардың тексеру-зерделеу нәтижесінде сегіз жерлеу орны табылып, анықталғаны туралы mangystaumedia.kz материал жариялады.