Түркияның Ақтаудағы бас консулдығы Республика күніне орай салтанатты қабылдау өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түрік халқы еліміздің басты ұлттық мерекесі – Республика күнін атап өтілді. Айтулы мерекеге орай Маңғыстауда Түркия Республикасының бас консулдығы салтанатты қабылдау ұйымдастырылды.
Мерекелік іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулдығының атташесі Бюкер Йылдырым және басқа да мемлекеттік органдардың, Ақтау қаласындағы – Әзірбайжан Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Өзбекстан мен Түркіменстанның дипломатиялық өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде Түркия Қазақстанның ірі экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.
– Сіздерді Түркия Республикасының құрылғанына 99 жыл толуымен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Түркия Қазақстан үшін Еуразия құрлығындағы ең маңызды және сенімді серіктестердің бірі болып табылады. Тәуелсіздік тұғырында Қазақстан мен Түркия өзара сенім мен құрметке негізделген көпжақты серіктестіктің тамаша үлгісін көрсетуде. Түркияның экономикалық белсенділігі әріптестік аясында Маңғыстау облысының гүлденуіне ықпал етуде. Бұған Түркияның ірі бизнес өкілдерінің өңірде жүзеге асырып жатқан ауқымды инновациялық-инвестициялық жобалары дәлел. Тарихта тамыры терең бір түркі өркениетінің жаңғырып, өрлеуіне екі ел арасындағы мәдени-рухани үндестік пен ширек ғасырдан бері жалғасып келе жатқан ынтымақтастықтың ықпалы ерекше. Бүгінде Түркия Қазақстанның Орталық Азиядағы сенімді саяси, әлеуметтік және экономикалық серіктесі болып табылады. Түркияның Ақтаудағы бас консулдығы екі елді байланыстыратын ұйым ретінде өте маңызды саяси рөл атқарады. Осы айтулы оқиғамен түрік халқын облыс тұрғындарының атынан құттықтауға рұқсат етіңіздер! Сіздерге бақыт, елдерімізге тыныштық тілеймін, – деді Нұрлан Ноғаев.
Қазіргі таңда облыста түрік инвесторларының қатысуымен экономиканың азық-түлік, көтерме сауда, зергерлік бұйымдар, құрылыс, мейрамхана бизнесі бойынша 74 бірлескен кәсіпорын тіркелген.
Жыл басынан бері 8 айдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы мен Түркия Республикасы арасындағы тауар айналымы 57 миллион долларды құрап отыр.
- Сіздерді шын жүрекпен және құрметпен қарсы аламын. Бүгін біз Түркия Республикасының құрылғанына 99 жыл толуын мақтанышпен және толқумен атап өтудеміз. Шет елдердегі миссиямыздағы достарымызға қуанышты мерекемізді бөліскендері үшін өз атымнан, бүкіл ел және халқымның атынан алғыс айтамын. Осы орайда республикамыздың негізін қалаушы Ғази Мұстафа Кемал Ататүрікті, тәуелсіздік соғысындағы жеңісіміз үшін жанын қиған батырларымызды, сондай-ақ Ұлы Ұлттық Мәжілістің ұлтжанды мүшелерін тағы да алғыспен еске аламын. Түрік халқын 29 қазан – Республика күнімен тағы да құттықтап, денсаулық, бейбітшілік және бақ-береке тілеймін, - деді Бюкер Йылдырым.