Жетібай ауылында ескі ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, жастар орталығының бөлімшесі ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қарақия аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Әлібек Оразбекұлының айтуынша, аталған ғимарат жастардың сұранысы бойынша ашылған. Мәселен Қарақия ауданында 11 мыңға жуық жас тұрса, соның басым бөлігі Жетібай ауылында 3 000 жас тұрады.
- Бұл ғимаратта coworking орталығы, жастарға бейресми білім беру аймағы, бос уақытын тиімді пайдалану үшін кішігірім кітапхана орналасқан. Ғимарат ауласын демалыс аймағы ретінде үйлестіру жоспарда бар, - дейді Әлібек Оразбек.
Сонымен қатар, биыл Құрық ауылында 1 шағынаудан 52 А ғимаратында орналасқан Қарақия аудандық, жастар ресурстық орталығында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғимараттың жалпы ауданы 724,1 квадрат метрді құрайды. Ал ғимараттың құрылыс ауданы 487,2 квадрат метр.
- Ауыл-аймақтарды жеке жастар ресурстық орталықтары ғимаратымен қамтамасыз ету жастардың бос уақытын тиімді өткізуге әсер етеді. Күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесінде Coworking алаңы, оқу залы, жас мамандар мен волонтерлерге арналған тынығу залдары, демалыс аймақтары пайда болады. Бұл ғимараттың қарақиялық жастар үшін маңызы зор. Жыл соңына дейін жөндеу жұмыстарын аяқталады, - деді Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай.
Келесі жылы Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылында жастар орталығының жаңа ғимараты бой көтермек. Бүгінде жобалық- сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.
Айта кетейік, жөндеу жұмыстары Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бастамасымен жүзеге асырылуда.