Маңғыстауда Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі 3 мамандық бойынша халықаралық салалық аккредиттеуден өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева өзінің фейсбук парақшасында мәлімдеді.
«Былтыр қызметтік іссапармен Францияда іссапарда болып, мамандар дайындау, тәжірибе алмасу бағытында өзара ынтымақтастық келіссөздерін жүргізген болатынбыз. Париж академиясымен кәсіби ынтымақтастығымыз нәтижелі болды. Бүгінгі таңда Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі 3 мамандық бойынша халықаралық салалық аккредиттеуден сәтті өтті», деді Динара Жұмашева.
Халықаралық аккредитация келесі мүмкіндіктерді береді:
- колледж дипломы елімізден тыс елдерде де танылады;
- түлектердің шетелде жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтеді;
- колледж мәртебесін және берілген білімнің еуропалық стандарттарға сәйкестігін растайды;
- халықаралық білім беру нарығында бәсекеге түсуге жол ашады;
- білім беру қызметтерінің ұлттық және халықаралық нарығында имиджді өсіреді және бәсекелестік позицияларды нығайтады;
- студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамытады т.с.с.
Енді атаулы колледж студенттері электрмен қамтамасыз ету, бағдарламалық қамтамасыз ету, технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару мамандықтары бойынша халықаралық үлгідегі дипломға ие болады.
«Осы атқарған жұмысымыз барысында қолдау көрсеткен облыс басшылығына, Франция мемлекетіндегі Қазақстан Республикасының консулдығына ерекше ризашылығымды жеткізгім келеді. Колледж ұжымын, әріптестерімді атаулы жетістіктерімен құттықтай отырып, табанды еңбектеріне алғыс білдіремін! «Қуанышты бөліссең көбейеді» демекші алдағы уақытта да осы бағытта жалғасатын жұмыстарымыз сәтті болсын деп тілеймін!», деп жазды МО Білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева.