28 наурыз күні Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев бастаған делегация ең үлгілі ауыл ретінде танылған Ақмола облысы, Целиноград ауданы Родина ауылында болды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыстық мәслихат баспасөзінің хабарлауынша, Жаңбыр Матаев осы ауылдың көркеюіне толықтай демеушілік жасап, негізін қалаған Иван Адамович Сауэрмен және ауылдық округінің әкімі Саят Қалиевпен кездесіп, мекеннің тұрмыс-тіршілігімен танысқан.
Родина ауылы – Қазақстандағы ең үлгілі, таза ауылдардың бірі. Мәселен, Родинада ешкім темекі тұқылын тастамайды, тұрғындары тәртіп бұзбайды. Көлік иелері де қатаң ережеге бағынады екен. Өйткені ауылда 450-ден астам бейнебақылау орнатылған.
Ауылдың негізгі жұмыс көзіне айналған жеке шаруашылықтың басшысы Иван Адамович Сауэр еуропалық стандарттарға сәйкес ерекше ауыл қалыптастырған. Кәсіпкер барша ауыл тұрғындары мен өзге қала тұрғындарын да толық жұмыспен және баспанамен қамтамасыз етіп отыр. Барлық жағдай жасақталған: соңғы үлгідегі супермаркеттер, саябақтар, хайуанаттар бағы, мектеп, балабақша, мешіт, шіркеу және мейрамханалар, т.б. Тіпті жергілікті жұртшылық азық-түлікті дисконттік карталар арқылы төменгі бағада ала алады. Бұл ауыл тұрғындары Родинадан бөлек, көршілес қала, аудандарға да сүт өнімдерін жөнелтіп, қамтамасыз етіп отыр.
Кездесу соңында Жаңбырбай Жәнібекұлы Иван Адамовичті арнайы Маңғыстау өңіріне шақырды. Алдағы уақытта іссапармен келіп, өзіндік тәжірибесімен бөлісетінін жеткізді.
Айта кетейік, Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдық мерекесіне орай, Маңғыстау облысының мәслихаттары мен Астана қалалық мәслихаты өзара тәжірибе алмасып жатыр.