Ақтауда қала әкімдігінің қолдауымен «Аққу қала, гәкку ән» ән жинағының тұсаукесері және «Сөз бен саз» бағдарламасының 102-концерті өтті. Ән жинақ 1000 тиражбен шықты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ән жинақ Ақтау қаласына арналған 60 туындыдан құралған. Нақтырақ айтқанда, жинаққа 56 ән, 3 күй және 1 композиция енді. Салтанатты шараға туындылары ән жинаққа енген сазгерлер, өнерпаздар мен көрермендер қатысты. Шарада Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали сөз сөйлеп, игі бастаманы жүзеге асыруға атсалысқан азаматтарға алғысын айтты.
-Былтыр ақмаржан Ақтау қаласына 60 жыл толды. Осы мерейтой аясында салтанатты шараны өткізу жоспарланған болатын. Жалпы «Сөз бен саз» бағдарламасы тек Ақтауда ғана емес, еліміздің басқа да өңірлерінде ән-жыр кешін ұйымдастырып келеді. Негізгі мақсат - ақын-сазгерлердің шығармашылығын өскелең ұрпаққа насихаттау. Осы концерт Ақтау қаласына арналып отыр. Ақтау қаласы туралы ән жинақ алғаш рет жарық көріп отыр. Тұңғыш жинақ өнер мектептері мен ұжымдарына, өнер сүйер қауымға оқу құралы болады деген сенімдемін. Осы игі бастаманы жүзеге асыруға атсалысқан барша әнші, күйші, ақын, сазгерлерге алғысымды айтамын. Ақтау туралы тың туындылар жарық көре берсін дегім келеді!, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали.
«Сөз бен саз» бағдарламасының 102-концертінде Ақтау қаласына арналған, «Аққу қала, гәкку ән» ән жинағындағы 22 туынды орындалды. Бұл кітаптың жинақтаушысы, «Сөз бен саз» бағдарламасының жүргізушісі Бердіхан Әлменнің айтуынша, кітапта әндердің сөзі, нотасы және Ақтау қаласының суреттері көрсетілген.
-Ақмаржан қала Ақтау экономикалық аймақ, бизнес орталығы ғана емес, мәдениет пен руханияттың орталығы. Жинақ Алматы қаласынан 1000 тиражбен шықты. Кітапта 60-қа жуық әннің сөзі, нотасы және Ақтау қаласының әдемі суреттері көрсетілген. Жинақтағы әндерді нотаға түсірген ҚР мәдениет саласының үздігі, сазгер Айдарбек Оңайбаев болса, суретті ұсынған фотограф Талант Құсайын, - деді «Сөз бен саз» бағдарламасының жүргізушісі Бердіхан Әлмен.