«Жарқын болашақ» жобасының 2023 жылғы алғашқы түлектері жұмыспен қамтылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
«Самұрық Қазына» АҚ қоры қолдауымен іске асқан «Жарқын болашақ» жобасының алғашқы түлектері, Жаңаөзен тұрғындары Нұрлан Қалыбаев пен Сақтар Беріков Қарағанды Теміржол колледжін «Теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару» мамандығын үздік аяқтады.
Колледж дипломын қолына алмай тұрып, оқуда көрсеткен үздік көрсеткіші үшін жаңаөзендіктер Қарағанды локомотив жөндеу депосына жұмысқа қабылданған.
Айта кетейік, «Жарқын болашақ» әлеуметтік жобасы биыл екінші мәрте «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры арқылы қаржыландырылып жатыр. Жоба аясында жаңаөзендік 177 оқушы Қазақстанның түрлі қалалары мен аймақтарындағы 49 мектеп-интернаттар мен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерін (колледждер) таңдап, тегін оқумен қамтылған болатын.