Ақтауда мұғалімдер күніне орай «Ұстазым - үлгі-өнегем, ұлағатым» атты салтанатты шара өтті. Мерекелік шарада Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тінәлиев ұстаздарды марапаттады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәдени шараға 500-ге жуық ұстаз қатысты. Салтанатты шара барысында 100-ге жуық ұстаз марапатталды. Атап айтқанда, ұстаздар ҚР оқу-ағарту министрлігінің құрмет грамотасы мен алғысы, Маңғыстау облысы әкімінің алғысы, Маңғыстау облысы білім басқармасының құрмет грамотасы, Ақтау қаласы әкімінің құрмет грамотасы мен алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, халықаралық, республикалық және облыстық сайыстардың жеңімпазы атанған мұғалімдерге ақшалай сертификаттар табысталды. Шара барысында Ақтау қаласының әкімі сөз сөйлеп, ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады.
-Алдымен баршаңызды Маңғыстау облысының 50, қаламыздың 60 жылдығымен және мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Осы жылдан бастап мұғалімдердің кәсіби мерекесі ресми түрде 5-қазан күні болып Үкімет қаулысымен бекітілді. Жалпы әлемнің 100-ден астам елінде мұғалімдер күні 5 қазанда тойланады. Биылдан бастап осы күнтізбеге Қазақстан ұстаздары да қосылып отыр. Өскелең ұрпаққа білім беріп, тәрбиелеу ісіне атсалысып, ұлы мүдде – ұлт болашағын қалыптастыруда уақытпен санаспай атқарған қажырлы еңбектеріңіз үшін сіздерге алғыс білдіремін. Жаңа заманның төрінен лайықты орын алатын жастарды тәрбиелейтін ұстаздарға әрқашан табыс тілеймін! Мерекелеріңіз құтты болсын! , деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.
Сонымен қатар, шарада ардагер ұстаздарға да естелік сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталды. Мәдени шара мұғалімдердің құрметіне орай арнайы ұйымдастырылған мерекелік концертпен аяқталды.