Ақтауда «Қазақстанның үздік тауары» атты өңірлік көрме-байқауы өтті. Жыл сайынғы дәстүр бойынша «KZ-да жасалған» ұранымен өтетін көрме-байқауда жаңаөзендік компанияның жартылай дайын өнімдері көпшілікке ұсынылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шетелден, өзге аймақтардан келген қонақтар және маңғыстаулықтар үлпершек, жұмыр, қазы, әсіп сынды ұлттық тағамдардан дәм татып, оң бағасын берді.
Байқау жеңімпаздары «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» атты үш номинация бойынша анықталды.
Өңірлік өнеркәсіптің флагманы саналатын және Маңғыстау облысының бизнес элитасын құрайтын үздік компаниялар бақ сынаған байқау қорытындысы бойынша жаңаөзендік Korkem Alem компаниясы «Үздік азық-түлік тауары» номинациясын иемденді. Өңірлік байқауда үздік атанған кәсіпорындарға Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына жолдама берілді.
Korkem Alem – Маңғыстау облысындағы алғашқы және жалғыз ет өңдеу кәсіпорны. Сонымен қатар компанияның барлық өнімі, дүкен және ет кәсіпорны ҚМДБ «Халал Даму» сертификатына ие. Жаңаөзендік бренд тұтынушыларға ет және ет өнімдерінен бөлек, 42 жартылай дайын өнім ұсынса, оның 15-і - ұлттық ас. Ет комбинаты айына 360 тонна ет шығарады, 100 тонна ет өнімін өндіреді.