Ақтауда 18 маусым - әкелер күніне орай «Әке - асқар тау» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараны Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали ашып, әкелерді мерекемен құттықтады.
- Биыл елімізде алғаш рет «Әкелер мерекесі» тойланып жатыр. Бұл өте жақсы бастама деп ойлаймын. Қоғамда әкенің де, ананың да рөлі бірдей маңызды. Балаларымыз әкеге қарай бой түзеп, оның тәрбиесімен елге-жерге деген махабатты, ержүректілікті, жігіттік қасиеттерді бойына сіңіреді. Барлық асқар тау әкелерді мерекемен құттықтаймын, - деді ол.
Аталған дөңгелек үстелде спикер ретінде «Respublica» партиясы
Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы, қоғам белсендісі Нұржігіт Хайруллаев, ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар Ізімбайұлы, қоғам белсендісі Бисенғали Кенжалиев және «BAYTAQ» жасылдар партиясы Маңғыстау облыстық филиалының жетекшісі Серік Гусман сөз сөйлеп, ислам дініндегі әкенің парызы мен міндеттері, әкелердің қоғамдағы рөлі, бала тәрбиесі, тектілік, әкенің жауапкершілігі жайлы ой бөлісті.
Одан бөлек іс-шараға ардагерлер, қоғам белсенділері, «Аналар кеңесінің» мүшелері және жастар тақырып төңірегінде әңгімелесті.
Айта кетейік, отырыстың қорытынды бөлімінде Ақтауда “Әкелер кеңесін” құру жөнінде шешім қабылданды.