«Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5548 әскери бөлімінің жасағы адасып кеткен төрт жасар баланы анасымен қауыштырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аталмыш оқиға 26 сәуір күні сағат 20:00 шамасында орын алды. Әскери жасақ бойынша кезекші аға лейтенант Біржан Дүкиевтің рациясына өз үйінің ауласында ойнап жүрген төрт жасар баланың жоғалғаны туралы ақпарат түседі.
Ақпарат дереу барлық қызметтер мен патрульдерге берілген.
Әскери жасақтар Жаңаөзен қаласының барлық шағын аудандары бойынша баланы іздеді.
Сағат 20:30 шамасында патруль бастығы Андрей Шкуропат бастаған патрульдік топ - қатардағы жауынгерлер Ақылбек Айтқалиев және Жолан Нұрғиса жылап отқан баланы байқайды. Баланы анасына ертіп апарып тапсырған.
Қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде қырағылық танытып, әскери борышын құлшыныспен орындағаны үшін әскери қызметшілер бөлім командирінің көтермелеуіне ұсынылды.