Жаңаөзен қалалық полициясы бір күндік рейдтің өзінде мотоцикл және мопед жүргізушілері жасаған 20-дан астам тәртіп бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ал жыл басынан бері жаңаөзендік полицейлер мотоцикл және мопед жүргізушілеріне 1000-ға жуық әкімшілік хаттама толтырған. Жол сақшылары скутер, мопед, мотороллер және велосипед жүргізушілерімен олардың қатысуымен жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған профилактикалық жұмысты күшейтті.
“Екі доңғалақты тізгіндеген жүргізушілерді жауапкершілік пен жол тәртібін сақтауға шақырамыз. Заңға сәйкес, қозғалтқыш көлемі 50 текше метрден асатын болса, онда ол полицияда қарапайым көлік ретінде тіркелуі керек. Жүргізушінің тиісті санаттағы куәлігі болуы керек. Сонымен қатар мопедтер мен мотороллер жүргізушілері қозғалыс кезінде қорғаныс құралдары міндетті түрде болуы қажет”, - дейді Жаңаөзен қаласының полицейлері.