Жаңаөзенде сал ауруына шалдыққан балаға емдік шара жасаған мамандар 5 жасар баланың аяғын сындырып алған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жарақаттанған баланың әкесі сол мамандардың жауапсыздығынан онсыз да жарымжан баласының аяғы 2 сантиметрге қысқарып қалғанын айтты.
Ерлан Әбітбеков сал ауруына шалдыққан ұлы Жеңісбекті жыл басында массаж орталығына емдік дене шынықтыру курсын қабылдау үшін апарған. Бір курс үшін орталықтағылар 125 мың теңге ақы алыпты. Баланың әкесі алғашында емді әйел адам жасағанын, артынша оның жолдасы жалғастырғанын айтады. Содан соң «сүйегі сау баламның аяғын сындырып берді» дейді шарасыз әке.
- Екі аяғының ортасы ісіп кетті. Біз барып ескерту жасадық, қатты жасап жатсыңдар деп. «Егер нәтиже керек болса, балаңызды аяқтан тұрғызғыңыз келсе, ары қарай алып келе беріңіздер, жақсы болады» деді. Содан кейін Сымбат хабарласып «балаңыздың аяғын Еркін сындырып алды, тездетіп келіңіз» деді. Барғаннан кейін қарасам аяғына бірдеңе орап қойған. Қалай болды десем күш салып сындырып алдым деді, - дейді Ерлан Әбітбеков.
Алайда бұл оқиғадан кейін жарты жыл уақыт өткен. Алғашында кінәсін мойындаған азамат енді басын алып қашып отырған көрінеді. Бауыр еті баласы үшін алаңдаған әке ауруға сырқат қосып берген адам әлі күнге дейін жазаланбағанына қапа болып отыр.
- Жаңаөзен қаласының полиция басқармасына барып арыздандым. Бұл жерде ешқандай қылмыстық іс жоқ, ол әдейі сындырған жоқ деп жауап берді. Менің баламның аяғы 2-3 сантиметрге қысқарып қалды. Өйткені, операция жасаған кезде сүйекті мінгестіріп салып жіберген, - дейді Жеңісбектің әкесі.
Біз 5 жасар Жеңісбекке дене шынықтыру емін жасаған орталыққа бардық. Алайда есік тарс жабық тұр. Бірнеше сағат күтіп едік, орталыққа кіріп-шыққан ешкімді байқамадық. Есікті де бірнеше рет қақтық, ешкім ашпады. Ал телефон қоңырауларымызға орталық басшысы да, емді жүргізген маман да жауап бермеді.
- Екі қызметкердің медициналық білімінің жоқтығы және де маман сертификатының жоқтығы анықталды. Баланың ата-анасының шағымв негізді деп танылды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық Кодексіне сәйкес рұқсатсыз қызмет көрсеткені үшін 464-бап және маман сертификатының жоқтығы үшін 424-бап бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды, - деді Маңғыстау облыстық медициналық және фармацевтикалық департаментінің басшысы Нұрсұлу Мұхамбетиярова.
Сонымен қатар департамент басшысы комиссия қорытындысын Полиция департаментіне жолданғанын хабарлады.
МАХАББАТ НҰРЖАНҚЫЗЫ