Шетпе ауылының тұрғыны Ақжігітова Айтуған жылқы қылынан бас ауруға ем тақия тоқиды деп хабарлайды, mangystaumedia.kz сайты.
Шебер тақиядан бөлек жылқы қылынан ұлтарақ және ши тоқып, бетіне өрілген қыл салып массаж көрпешесін тігеді. Шебердің айтуынша, қылдан жасалған ұлтарақ аяғы ауыратын адамдарға өте пайдалы. Жаяу жүргеннен кейін аяғы ауырған адам бұл ұлтарақты аяқкиімнің немесе шұлықтың ішіне салып жүрсе аяғының талықсып ауырғаны басылып, жеңілдеп қалады. Ал, көрпеше қан айналымын жақсартып ұйыған жерді жазады екен.
- Мен мектепте оқып жүргенімде анам өрмек тоқытып, тігіншілікті үйреткені есімде. Кейін анам қайтыс болды, бірақ мен өрмекті және тоқуыш тоқуды тоқтатпадым. Оқуды бітірген соң тігін тігуді қызығушылықпен қолға алдым.
Қазіргі таңда ең сүйікті ісіме әрі табыс көзіме айналып отыр. Алғашында жұмысымды киім қысқарту, шағын көрпеше, жастықтар тігуден бастадым. Кейін үйімнің жанынан шағын цех ашып, жаңа тігін мәшинесін сатып алып, жадағай, сырт киімдерді тігіп жүрдім.
Кәсібімді дөңгелетіп жүргенімде, жылқы малының жалы мен құйрығын да пайдаланып көрейін деген ой келді. Оны алып, жуып, тазалап, әуелі арқан қылып есіп көрдім. Ол арқан қылуға келмейді екен, бірікпейді. Содан кейін жіңішкелеп өріп, тақия жасап көрдім.
Кейін қылдан жасалған тақияны киіп көрген адамдар: «Басымның ауырғаны басылып, жақсы боп қалдым, маған да жасап берші»,- деп ұсыныстарын айта бастады. Бара-бара қолым жаттыққан соң, тапсырыстар қабылдадым. Жылқының жалы мен құйрығын өңдеп, 12-13 құлаш етіп өріп, тақиялар тіктім. Бір тақияға 14-15 күн уақыт кетеді, сол себепті тек тапсырыспен ғана дайындаймын. Бірақ тапсырыс берушілердің дені оның емдік қасиетіне қызығады,- дейді шебер.