Жаңаөзендегі вокзал маңында 57 жыл бұрын салынған үйлердің қабырғасы сөгіліп жатыр. Тұрғындар 9 бірдей екіқабатты үйдің апаттық жағдайда тұрғанын айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Тұрғындар пәтерлерінің едені қирап, түрлі жәндіктің мекеніне айналғанын айтып отыр. «Кәріз құбырлары да шіріп, қолқаны қабатын иістен әбден мезі болдық» дейді олар. Осы уақытқа дейін әкімдікке арыз жазған халық үйінді астында қалып қоюдан қорқып отыр. Сондықтан кейбірі баспанасын тастап, жан сауғалап пәтер жалдауға мәжбүр болыпты.
- Ешқандай комиссия келмеді. Үй апаттық жағдайда тұр. Жертөледегі құбырлар жарылып, су кетіп тұр. Жазда шіріген иістен отыра алмаймыз. Үй опырылып бара жатыр. Әкімдіктен ешкім келген емес. Қабырға қираған соң тіпті есіктеріміз де ашылмай қалды. Қорыққаннан пәтер жалдап кеттік, - дейді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Айман Жарылғасова.
Тұрғындар үй құламай тұрып, басқа жерге көшіруді талап етіп отыр.
Ал Жаңаөзен әкімдігі 40 көпқабатты үйге сараптама жүргізілгенін мәлімдеді. Оның 26-сына күрделі жөндеу қажет, ал 14-і сүрілуі тиіс.
- Мәслихат шешімімен «Реновация» бағдарламасын қабылдадық. Яғни бұл күрделі жөндеуді қажет ететін үйге инвестор тарту арқылы жаңа үй салынады. Бұл үйлердің қабатын, шаршы метрін сақтай отырып дәл сондай үй салатын боламыз. Ол жұмысты наурыз айында бастаймыз,- деді Жаңаөзен қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әділет Сәми.
Сондай-ақ, әкімдіктегілер жаңа үйді салуға ниет білдірген мердігерлердің де табылып тұрғанын айтты. Жаңа үйдің құрылысы аяқталғанша тұрғындарға жалдамалы пәтер ұсынуды жоспарлап отыр.
Махаббат Нұржанқызы