Қызылсай мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне қарасты қаумал аумақтарында асқазан мен туберкулез ауруына шипа болатын түйежапырақ өседі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сондай-ақ ғалымдар түйежапырақтың тамырында іш жүргізетін антрогликозидтер мен хризофен қышқылы, флавоноидтар, күрделі органикалық заттар бар екенін анықтаған.
Оның жемісінен С витамині, дәнінен көмірсулар алынады. Түйе мен қой бұл өсімдіктің жапырағымен қоректенеді. Мамандар түйежапырақтың түйнектелген тамыры тереңге кететінін айтады.
- Түйежапырақтың ең құнды жері – түйнегі. Өсімдік сәуір-мамыр айларында гүлдейді. Түйежапырақтан дәрі жасау үшін өсімдіктің сабағы мен тамырын көктемде қазып алады, - дейді Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары.
Айта кетейік, түйежапырақ көпшілікке «татар рауғашы» атауымен белгілі. Тарандар тұқымдасы, рауғаш туысына жататын бұл көпжылдық өсімдік Қазақстанның құмды және шөлді далалы жазықтарында кездеседі. Биіктігі 30-70 см-ге дейін жетеді. Тамыры ұзын, жапырағы жайылып өседі.