© Vent39.ru
Ақтауда 33 шағынаудан, 30-үйінің тұрғыны пәтерінде саңырауқұлақ өсіп жатқанын видеоға түсірген. Видео авторы үйдің іші сыз тартып тұрғанын айтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- Мен жалғызбасты анамын. Бұл пәтерді маған әкімдік берген. Үйдің төбесі жарылып тұр. Еденнен саңырауқұлақ өсіп жатыр. Бұл бірінші рет емес, бұрын да өскенде алып тастадым. Барлық бөлме сыз тартып тұр. Үйдің іші қатты ылғал болған соң есігіміз де шіріп жатыр. Қабырғалардағы сылақ қабыршақ болып түсіп жатыр. Жазда ғана пәтерді жөндеген едім, - дейді тұрғын.
Бұл мәселеге қатысты үйге қызмет көрсетуші пәтер иелерінің кооперативі жауап берді. Кооператив осы жылдың 1 ақпанынан бастап қызмет көрсетуге кіріскен.
- 1 ақпаннан бастап тұрғын үй инспекциясының өтініші бойынша бұл үйге қызмет көрсетуді бастадық. Қыс бойы үйде жылу болмады. Жылумен жабдықтау жүйесі жөнделмеген болып шықты. Қазір бәрі реттеліп, пәтерлерге жылу жүре бастады. Үйдің іші ылғал болған осң барлығы шіріп кетеді. Бірте-бірте мәселелерді шешетін боламыз, - деді ПИК төрағасы Валет Құлмұхамбетов.
Ал Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы 30 үйді техникалық тексеру үшін конкурс жариялаған.
- Конкурс және техникалық тексеру нәтижесін біз тұрғындарға міндетті түрде айтамыз. Жөндеу қажет болған жағдайда тұрғындарға «Қайтарымды қаражат» бағдарламасы бойынша қарыз алуды ұсынамыз, - деді тұрғын үй инспекциясы.