Жаңаөзен қаласында «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы аясында құрылыс нысандарында жұмыс істеп жатқан 60-аса Қарақалпақстан мен Түрікменстан елінен келген шетелдіктердің құжаты тексерілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жаңаөзен қалалық полиция басқармасының хабарлауынша, жедел алдын алу іс-шара барысында 45 бұзушылық анықталған. Оның ішінде елде болу ережелерін сақтамағаны үшін 27 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Соттың шешімімен елден 4 шетелдік шығарылған.
Жеке басын анықтайтын құжаттары болмаған шетел азаматтары “Жаңаөзен қаласына жұмыс жасау үшін келдім”, - деп түсіндірген.
Айта кетейік, «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасының мақсаты – қоғамдық тәртіпті қадағалау, заңсыз көші-қонды ескерту, елде ұзақ уақыт заңсыз болатын адамдардың Қазақстан Республикасында болу тәртібі қағидаларының бұзылмауын қадағалау. Жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторлары кешенді тексерістер ұйымдастыруда. Шара 2-тамызға дейін жалғасады.