Акцияның мақсаты – балаларға оқу жылына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу. Акция аясында аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсетіледі. Бұл туралы МО Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Акция 2024 жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйегі аралығында өтеді деп жоспарланған.
- «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясын ұйымдастыру және өткізу бойынша Маңғыстау облысының іс-шараларының жоспары жасақталып, акцияны ұйымдастыру комитетінің тізімі бекітілді. Акцияны ұйымдастыру комитеті құрамына жергілікті атқарушы органдар өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер палатасы, полиция департаменті өкілдері бар. Мектеп жасындағы балаларды оқытумен қамтамасыз ету мәселелері бойынша білім бөлімдерінің мамандары үшін кеңестер өткізілді. Жоспарға сәйкес акция аясында дәлелсіз себептермен сабаққа келмейтін балаларды анықтау мақсатында Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аумақтық комиссиялардың мүшелері мен полиция департаментінің өкілдері бірлесіп «Түнгі қаладағы балалар» рейдтері өткізіледі. Қайырымдылық акциялары, мектеп жәрмеңкелері өткізіледі және әкімдік тарапынан мектеп формасы құнының мониторингі жүргізіледі, - деді Гүлмира Мамаева.
Айта кетсек, азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету үшін білім беру ұйымдарындағы «Жедел желілердің», «Сенім» телефондары (607515), қоғамдық қабылдаулары жұмыс істейді. Осыған байланысты барлық тұрғындарды, кәсіпкерлерді, ірі өндірістік компаниялар мен шағын және орта бизнес ұйымдарын осы акцияға қатысуға шақырамыз. Акция аясында қамту бойынша ата-аналар жергілікті жерлерде өз мектептеріне хабарласа алады.