Жаңаөзен қаласының тұрғындары Жаңаөзен-Ақтау бағытына жаңа автобустар қашан берілетін сұрады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жаңаөзендік тұрғын Маңғыстау облысы әкімінің телеграм арнасында өз шағымын жеткізді.
- Әкім мырза, Жаңаөзен-Ақтау бағытында неге жаңа, үлкен автобустар қойылмайды? Қай уақытқа дейін газельдер жүреді. Ол газель автокөлігінің іші тар, ыссы. Жаз айларында ішіне отыру мүмкін емес. Көптеген ауылдарға жаңа автобустар берілді. Ал Жаңаөзен-Ақтау бағытындағы такси бағасы тым қымбат. Автобус қоюды талап етеміз, - деді тұрғын.
Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, қазір «Ақтау-Жаңаөзен-Ақтау» бағытында 22 тұрақты автокөлік маршруты қатынайды. Барлығы “Газель” маркалы шағын автобустар.
- Ақтау-Жаңаөзен-Ақтау бағытына заманауи, комфортабельді, қалааралық типті үлкен автобустар жүргізу бойынша тиісті құжаттамалық рәсімдер басталды. Қазіргі уақытта қажетті құжаттар мен экономикалық есептер жүргізілуде. Құжаттамалық рәсімдер аяқталған соң автобустарды жасауға зауытқа тапсырыс беріледі. Жаңа автобустарды 2025 жылдың 1-тоқсанында облысқа әкелу жоспарға қойылған. Зауыт тарапынан автобустарды әзірлеп, жеткізу жеделдетілген жағдайда 2024 жылдың соңына дейін облысқа жеткізіледі, - дейді басқарма өкілдері.