Ақтауда 34 шағынаудан №15 үйдің маңында мобильді павильон ашылды. Дүкенде зауыттан шыққан жартылай дайын өнімдер, нан, тоқаш, макарон және басқа да ұн өнімдері сатылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Дүкеннің ашылу шарасына Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Дархан Абдалиев, қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрсейіт Айладыр қатысты.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жергілікті өнім өндіруші тауарларын делдалсыз сатады. Яғни өнімдердің бағасы нарықтағы бағадан төмен. Дүкенді ашқан серіктестіктің бұдан бөлек Ақшұқырда 2 және Сайын Шапағатов ауылында бір дүкені бар.
- Негізінен серіктестікке нан зауыты, макарон цехы мен ұн тартатын диірмен, консерві цехы, ауыз су цехы кіреді. Негізгі мақсат - азық-түлік және жеңіл өнеркәсіптегі отандық тауар өндірісін арттыру. Бастысы өнімдеріміздің бағалары тиімді, - деді серіктестіктің өкілі Индира Байтұрған.