Ақтауда Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті осы жағдайға байланысты ішкі қызметтік тергеу басталғанын айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жақында Ақтауда студент қыз телеграм арнасында Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің студенті екенін мәлімдеп, оқу орнында сыбайлас жемқорлық, қысым мен ішкі тәртіпсіздіктердің бар екенін айтып шағымданған.
Аталмаш студенттің видеоөтініші egov.press телеграм парақшасында жарияланған болатын.
«Университет әлеуметтік желілерде жарияланған «ұйымның әкімшілігі тарапынан сыбайлас жемқорлық, қудалау және заңсыздық туралы» қатысты анонимді бейнежазбада келтірілген фактілер бойынша білім алушылар арасында анонимді сауалнама жүргізе отырып, ішкі қызметтік тергеу басталғанын хабарлайды», деп жазылған универсеттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Тергеу нәтижелері қолданыстағы заңнамада көзделген мерзімдерде қосымша хабарланады.
Сонымен қатар, университет өз тарапынан әрбір студенттің қауіпсіздігі үшін, сапалы білім алуы үшін барлық жағдайды жасап отырғанын мәлімдеді.
«Университет тұрақты негізде жылына екі рет «Таза сессия» анонимді сауалнамасын, сондай-ақ «Есенов университетінің қызметі контекстіндегі бақыт индексі мен бренд индексі» социологиялық зерттеуін жүргізеді. Анонимді сауалнама және социологиялық зерттеу нәтижелері негізінде университет тәуекелдерді ішкі талдау нәтижелері бойынша анықталған құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлейді.
Егер білім алушылар университетте харассмент немесе сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болса, дереу Call centre-ге немесе Университет жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметіне хабарласуды сұраймыз, онда әрбір өтініш берушіге толық анонимділікке кепілдік беріледі», деп жазылған хабарламада.