Бұл туралы кәсіпкерлер Маңғыстау облыстық Атамекен кәсіпкерлер палатасында өткен ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Айтуар Қошмамбетовпен кездесуде айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында кәсіпкерлер салық органы тапқан табыстан да көп айыппұл салатынын айтты.
- Қазір бүкіл балабақшаны СЭС, ТЖД секілді органдар тексеріп жатыр. Егер бірнәрсе дұрыс емес болса, 840 мың теңге айыппұл салады. Айыппұл бір апта ішінде төленсе, 50 пайыз жеңілдік болады. Дегенмен, бұл соманың өзі ауылдық жердегі балабақшаларға үлкен шығын. Сол себепті айыппұл құқық бұзушылықтың деңгейіне қарай салынуы керек деп есептеймін. Ауылдарда балабақшалар ата-аналардан тек қана тамақтың ақшасын ала алады. Айыппұлдар біздің жұмыс істеуімізге кедергі келтіреді, - деді кәсіпкер, Маңғыстау облысы бойынша Қазақстандық Үздіксіз Білім Беру Қауымдастығының мүшесі Олеся Анатольевна.
- Санитарлық талапқа байланысты айппұл көлемі пандемия кезінде 10 есеге артты. Біз айыппұлды құқық бұзушылық деңгейіне қарай белгілеуге бастама көтердік. Ол үшін біз Үкіметтен қорытынды алуымыз керек болды. Алайда Үкімет теріс қорытынды берді. Одан соң бұл мәселені тағы көтердік. Сол себепті бұл әлі де күн тәртібінен түскен жоқ, - деді Айтуар Қошмамбетов.
Бұдан бөлек кәсіпкерлер салық мәселесін көтерді. Олардың айтуынша жаңа салық кодексі балабақша ұйымдарының жұмыс істеуіне кедергі келтіреді.
- 2022 жылдың есебі бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың ақшасы төленбеген деп өткен айда бүкіл шотымызды жауып тастады. Кәсіпкер үшін шоттың жабылуы үлкен мәселе. Себебі шот жабық кезде жұмыс жүрмейді. Бұл мәселеден көз ашпай келе жатырмыз. Сол себепті МӘМС жүйесін қайта қарау керек. Егер жеке кәсіпкерлігі бар адамға өзінің жұмыс орнынан ақша түсіп тұрса, неге ол ЖК ретінде тағы да жарна төлеу керек? Медицина ұйымдары екі есе ақша төленгені үшін көп қызмет көрсетпейді ғой, - деді кәсіпкерлердің бірі.
Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов бұл мәселені қаперге алатынын жеткізді.