Білім күнімен тұспа-тұс келген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз жыл сайын үлкен үмітпен күтетін Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.
Президент еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын тағы да нақты айқындап берді. Жолдаудан әрбір адамның көкейінде жүрген мәселелерді қамти отырып, мемлекеттің дамуы мен халқымыздың өмірінде біршама жаңашылдықтың болатынын сезіндік.
Рас. Өйткені еліміздің дамуындағы барлық маңызды деген мәселелерді атап айтып, шешу жолдарын ұсына келе, ел Президенті өз Жолдауында ең төменгі айлықтың 85 мың теңгеге өсетінін хабарлап, азық-түлік бағасын ерекше қадағалауды тағы тапсырды. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жасалған маңызды қадамдардың бірі деп ойлаймын. Дені сау, білімді ұрпақ – мемлекеттің қазынасы мен жарқын келешегінің кепілі. «Жайлы мектеп» сияқты елдің болашағына зор үлес қосатын, мықты білімді жастарды даярлайтын алтын ұя болатынына сенімдімін.
Бұл – біздің болашағымыздың жарқын кепілі. Сондықтан да бұқаралық спорт пен ғылымды дамыту туралы ойлары да халықтың көңілінен шығатынына сенімдімін. Сонымен қатар Президентіміз ел азаматтарын отанымыздың алдында адал қызмет етуге, абыройлы іс жасауға, тоғышарлықтан арылып, ерінбей еңбек етуге жастарымыздың ақ ниетті болуына шақырды.
Аллаберген ҚОНАРБАЕВ,
Маңғыстау облыстық мәслихаты депутаты,
«Ауыл» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары.