Ақтауда Маңғыстаудағы тарихи-мәдени нысандарды ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енгізу туралы семинар басталды. ЮНЕСКО және Жапонияның Траст қорының (Japan FiT) «Жібек жолы Дүниежүзілік мұрасына номинация процесін қолдау» жобасы аясындағы практикалық семинар 5-7 қыркүйек аралығында жалғасады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аталған іс-шара "QazaqGeography" республикалық қоғамдық бірлестігінің ұймдастыруымен және Халықаралық Орталық Азияны зерттеу институтының (ICASI), ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен өтуде.
Қазақстан, Жапония, Ұлыбритания, Әзірбайжан, Иран, Түрікменстан, Ресей ғалымдары қатысып жатқан семинарда «Жібек жолы: Еділ-Каспий дәлізі» сериялық трансұлттық номинациясын дайындаудағы халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқылануда.
- Семинардың алғашқы күні өте қызықты басталды. Қазақстанның батыс өңірі, әсіресе Маңғыстау облысы мәдени-тарихи орындарға бай. Сондықтан «Жібек жолы Дүниежүзілік мұрасына номинация процесін қолдау» жобасы Маңғыстауда өтуде. Бұл жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар, ЮНЕСКО-дан, ғылыми институттардан мамандар жиналды. Біздің басты мақсатымыз – өңірдің тарихи-мәдени орындарын зерттеп, оларды ЮНЕСКО Әлемдік мұра нысандарының қатарына қосу. Осы семинар аясында Маңғыстау өлкесінуң ерекше орындарын аралап, эксперттер зерттеу жұмыстарын жүргізбек,- деді «QazaqGeography» РҚБ Басқарма төрағасы Ерік Сұлтанов.
Сондай-ақ іс-шара барысында тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін толыққанды заманауи құжаттаманың аспектілері мен кезеңдері қозғалды.
- Облысымызда 13 мыңнан астам тарихи-мәдени орын бар. Сол орындарды толық зерттеп, әлемдік мұралар қатарына енгізу үшін «QazaqGeography» РҚБ-мен бірлесіп, шетелдік археологтарды шақырттық. Осы іс-шара аясында өлкеміздегі тарихи-мәдени орындардың географиялық ерекшеліктері анықталады. Шақпақтысай каньонына, Түпқараған түбегіне, Қосбайыр қорымы шегінде дала жұмыстары мен зерттеулер, геодезиялық өлшеулер мен ізденістер жүргізілмек. Сондай-ақ шетелдік ғалымдармен бірлесіп, Шақпақ ата үңгір мешітін, Қапамсай каньонын, Кенті-Баба қорымын, Сұлтан епе қабірі мен жерасты мешітін, Борлы бекінісі мен Түпқараған түбегінің теңіз жағалауына панорама обьектілеріне зерттеу жасалады,- деді МО Туризм басқармасының басшысы Мәулен Ғабдулқалиев.
Айта кетейік, семинар аясында «Жібек жолы: Еділ-Каспий дәлізі» сериялық трансұлттық номинациясын дайындау бойынша Маңғыстау облысының тарихи-мәдени мұрасын зерделеу бойынша көшпелі экскурсия бүгін, 6 қыркүйекте, өтпек.