Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының кинологтары Беларусь Республикасының Могилев қаласында Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің XXIV ашық чемпионатына қатысты. Жарысқа Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь елдерінен 64 әскери қызметші қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ұлттық ұланға сілтеме жасап.
Үш күн бойы оқыту мамандары иттермен бірге кедергілерден өту курстарынан өтіп, жалпы дайындық курсы бойынша жаттығулар кешенін, сонымен қатар жарылғыш заттарды, есірткі және психотроптық заттарды іздестіру, құқық бұзушыны ұстау, объектілерді іздеу бойынша тапсырмаларды орындады.
Жарыс қорытындысы бойынша жеке есепте Ақтаудағы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6656 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, сержант Еркебұлан Жолдасов «Босс» қызметтік иті арқылы есірткіні іздеу жарысында екінші орын иеленді.
Сапар аясында шетелден келген қонақтар Могилев қаласында орналасқан 6713 әскери бөлімінің базасында Беларусь Республикасы Ішкі істер министрлігі ішкі әскерлерінің кинологиялық орталығының жұмысымен танысты.
Қатысушыларға қызметтік иттерді қандай жерде ұстайтындарын көрсетіп, олардың санын көбейту және асылдандыру жұмыстары қалай жүргізілетіні айтылды. Халықаралық жарыстарға қатысқан кинологтар өзара тәжірибе алмасты. Бұл қызметтік иттерді даярлау деңгейін одан әрі арттыруға мүмкіндік бермек.