Бүгін, 1 сәуірде қала жағалауындағы заңсыз кәсіпкерлікті тоқтату жұмыстары басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес әкімдік қызметкерлері мен коммуналдық мекемелер бірлесіп, 9 А, 14 А және 15 А ықшамауданында орналасқан теңіз жағалауындағы балаларға арналған көліктер, батуттар мен велосипедтерді жағалаудан шығару жұмыстарын бастады. Сондай-ақ олар заңсыз орналасқан сауда нысандарын бөлшектеуге кірісті.
«Біз бірнеше рет заңсыз павильондарды алып тастау, сондай-ақ балалар ойнайтын аттракциондарды жағалаудан шығару туралы жазбаша ескерту бердік. Алайда, кәсіпкерлер Заңға бағынбай, жұмыстарын жалғастыра берді. Қазір заң аясында павильондар мен өзге де құрал-жабдықтарды алып тастау жұмыс басталды. Бұл заңсыз әрекет жағалаудың көркін ғана бұзбай, қауіпсіздікке де әсер етеді. Өйткені бұл кәсіпкерлер балалардың қауіпсіздігіне жауап бермейді», – дейді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Ербол Жұмағазин.
Мамандардың айтуынша, бүгінде жағалауда шамамен 35 кәсіпкер заңсыз жұмыс істейді. Маусым мен мереке қызған кезде бұл көрсеткіш 55 адамға жетеді.
«Қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде халықтың басым бөлігі теңіз жағалауындағы кәсіпкерлікке қарсы екені анықталды. Бұл орындарда кәсіп жасап келген тұлғаларға ұсыныс ретінде «Ақбота» саябағы мен бұрын меморандум жасалған сауда базарларының аумағына көшу ұсынылды»,- деп толықтырды Ербол Жұмағазин.