Маңғыстауда «Мектеп және театр» жобасы аясында облыстық «Наурыз: дәстүр және жаңғыру» театрландырылған көрініс байқауы өтті, деп хабарлайды mangystaymedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Мұғалімдердің шығармашылығын дамыту мақсатында ұйымдастырылған байқауға аудан мен қаладан 7 ұжым қатысты. Олардың жұмыстарын қазылар алқасы әділ бағалап, қорытынды шешім шығарды. Нәтижесінде, Бейнеу ауданы, Бейнеу мектеп-интернаты І орынды, Ақтау қаласы, Ф.Оңғарсынова атындағы №29 жалпы білім беретін мектеп ІІ орынды, ал Маңғыстау ауданы, Е. Айшуақұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп ІІІ орынды иеленді.
Сондай-ақ, Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр мектеп-гимназиясы «Көрермен көзайымы» номинациясымен марапатталып, Маңғыстау ауданы, Е. Айшуақұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің оқытушысы Айнұр Түйебаева «Үздік ана бейнесі» марапатына ие болды.
Ал, Ақшұқыр мектеп-гимназиясының мұғалімі Асылбек Айтуарұлы «Үздік ер адам бейнесі», Бейнеу ауданы Бейнеу мектеп-интернатының ұстазы Лаззат Сейсенбаева «Үздік әйел бейнесі» номинациясын жеңіп алды. Сонымен қатар, «Үздік сөз саптау» номинациясында Мұнайлы ауданы №13 мектеп-гимназиясы үздік атанды.
Жүлделі орынға ие болған қатысушылар арнайы дипломдармен марапатталады.