Бүгін Yessenov университеті қабырғасында ардагер ұстаз, қоғам қайраткері Ордалы Қосайдың құрметіне "Биіктік" атты оқу аудиториясы ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Іс-шарада қызыл лентаны қию құрметі ардагер-ұстаздар Алдаберген Құрмашев пен Ордалы Қосайға берілді.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев жоғары оқу орнының оқытушылары мен ардагер ұстаздарды құттықтап, білім беру саласындағы жұмыстарына табыс тіледі.
- Қоғамдағы барлық салалардың жетістігі математика ғылымымен байланысты. Қазіргі уақытта математиканы тереңдетіп оқыту, инновациялар мен әлемдік жетістіктерге негізделген білім беру өте маңызды. Оқу орнындағы жаңа аудиторияда тек өңірдің ғана емес, бүкіл елдің экономикасын дамытуға ықпал ететін жас ұрпақ оқып, білім аларына сенімдімін, - деді Нұрлан Ноғаев.
Ордалы Қосай 1947 жылы 27 қыркүйекте Тартпалы қаласында дүниеге келген. 1963 жылы Тұщықұдық орта мектебін бітіріп, 1967 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының математика мұғалімі дипломымен туған мектебіне жұмысқа келді. Ордалы Қосай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылтайшыларының бірі. Оның 2013 жылы Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің халықаралық конференциясында білім беру жүйесін жетілдіру және оқушылардың кәсіптік бағдарлау жөніндегі инновациялық идеялары қолдау тапты. 1994 жылы ол директор болған мектеп бес күнге ауыстырылды және Жарғыға әр бес жыл сайын директор лауазымын ауыстыру туралы қосымша енгізілді. Шебер ұйымдастырушы және идеялық шабыттандырушы, аймақтың қоғамдық өміріне белсенді қатысты. Оның бастамасы бойынша облыстық теледидарда өлке халқының мәдениеті мен тұрмысын көрсететін танымдық бағдарламалар іске қосылды. Ордалы Қосайдың «Ұлттық код» ғылыми туындысына ҚР Мәдениет министрлігі Алғыс білдірген (2018) және ҚР Әділет министрлігінің авторлық құқығы куәлігі берілген.
— Біз жаңа аудиторияны білікті маманның, талантты педагогтың және жоғары білім беруді ұйымдастырушының құрметіне орай ашқанымызға өте қуаныштымыз. Ордалы Мұханұлы өз ісіне қалай қызмет ету керектігін көрсетті. Сан қырлы қабілет иесінің көп жылдық оқытушылық қызметі аға буынның, замандастарының, сондай-ақ ізбасар әріптестерінің кітаптарында жан-жақты баяндалған. Бұл аудиторияда оқу біз үшін үлкен мәртебе, - деп атап өтті студенттер.
Аудитория барлық қажетті оқу құрылғыларымен, стендтермен және әдістемелік материалдармен жабдықталған. Белгілі педагог атындағы жаңа аудитория білікті мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарары сөзсіз.