Ұлықбек Тналиев Ақтау қаласының әкімі болып 2023 жылдың 20 қыркүйегінде тағайындалған болатын.
Жол мәселесі реттелді
Ұлықбек Тналиев Ақтау қаласының әкімі лауазымында болған кезде қаладағы бірқатар шағын ауданның тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар өз сауалдарын айтып, жауаптарын алды. Мәселен, 2023 жылы 4 қазан күні 11-шағын аудан тұрғындарымен кездесу барысында тұрғындар қала әкімінен шағын ауданның ішкі жолдарын жөндеу мәселесін сұраған болатын. «Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі» 11-шағын ауданның ішкі жолдарына шұңқырлы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Шағын ауданның ішкі жолдарына 9000 шаршы метрге жуық асфальт төселді. Бұдан бөлек, қалалық әкімдік қаладағы шағын аудандардың ішкі жолдарына 48 мың шаршы метр асфальт төсеуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, 29 шағын аудан «Толқын», 14, 12, 13, 17 және басқа да шағын аудандардың ішкі жолдарына шұңқырлы жөндеу жұмыстарын жасайды.
2023 жылы 3 қазан күні «Шығыс-2» шағын аудан тұрғындары жол мәселесін шешуді сұрады. Аталған мәселеге қатысты қала әкімі «Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне» тапсырма берді. «Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» «Шығыс-2» шағын ауданының ішкі автомобиль жолдарына 896 метр асфальт, ал «Шығыс-3» шағын ауданының ішкі жолдарына 2063 метр асфальт төседі. Аталған жұмыстар жалғасуда.
Қаладағы ең өзекті мәселенің бірі 19-шағын ауданның ішкі жолдары болатын. Тұрғындардың мәселесін тыңдау үшін қала әкімі 2023 жылы 31 қазанда 19-шағын аудан тұрғындарымен кездесуге барды. Әкім тапсырмасымен «Ақтау қалалық құрылыс бөлімі» 19-шағын ауданда ұзындығы 2968 метр асфальт жолы және ұзындығы 5936 метр жаяу жүргінші жолын салды. Автомобиль жолдарына 7 дана суағар орнатылды.
Қазіргі таңда қаладағы орталық автомобиль жолдарында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, 31а-шағын аудан «Кеден» ғимаратынан бастап 27-шағын аудан «Бәйтерек» сауда орталығына дейінгі автомобиль жолында ұзындығы 2100 метр, ал 5а-шағын аудан «Жалау Мыңбайұлы» ескерткішінен бастап 23-шағын аудан «Каспий жылу, су арнасы» мекемесіне дейінгі автомобиль жолында ұзындығы 2288 метр, сонымен қатар 31А және 31Б-шағын аудан арасындағы автомобиль жолында ұзындығы 457 метр орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, қала бойынша жолдарды күтіп ұстау жұмыстары күнделікті жүргізіледі. Атап айтқанда, мердігер компания қызметкерлері жол жиектерін сыпыру, әктеу, аялдамаларды тазалау жұмыстарын істейді. Жыл басынан бері қаладағы автомобиль жолдарына 13500 шаршы метр жол сызықтары мен жаяу жүргіншілер жолағы сызылды. Жол сызықтары мен жаяу жүргіншілер жолағы №4, 9, 18, 20, 19, 21, 25 және №7 автомобиль жолдарында сызылды.
Ауыз су қысымын реттейтін сорғы станциялары орнатылды
Ақтауда ауыз су қысымына қатысты мәселе бар. Аталған сұрақты тұрғындар қала әкіміне жиі жолдайды. Осы мәселені шешу мақсатында Ақтауда ауыз судың қысымын реттейтін 7 көтергіш сорғы станциясы орнатылды. Аталған станцияларды «Каспий жылу, су арнасы» мекемесі қаланың бірқатар шағын аудандарында іске қосты. Атап айтқанда, көтергіш сорғы станциялары 24, 28, 6А, 11А және 7-шағын ауданында орнатылды. Ал 35-шағын ауданда екі көтергіш сорғы станциясы қойылды. Сорғы станциялары тұрғындар тарапынан түскен шағымдарды ескеріп, іске қосылды. Бұл көтергіш сорғы станциялары «МАЭК» ЖШС-нен келіп тұрған ауыз суды тұрғын үйлерге қысыммен жеткізу үшін арналған. Көтергіш сорғы станциялары автоматтық режимде жұмыс істейді.
Жылу мәселесі
Ақтау қаласын ауыз сумен және жылумен «МАЭК» ЖШС қамтиды. Қалада инженерлік желілердің 80%-ның тозығы жеткен. Осыған байланысты қыста жылуға қатысты мәселе туындаған болатын. Қыс мезгілінде жылу мәселесі бойынша магистральдық құбырларда ақау болған уақытта қала әкімі Ұлықбек Тналиев тікелей эфирге шығып, тұрғындарға мәселенің мән-жайын уақытылы түсіндіріп отырды. Жасалып жатқан жұмыстарды айтты. «Каспий жылу, су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мамандары, қала әкімінің орынбасарлары, қала әкімдігінің жауапты бөлім басшыларымен бірге Ұлықбек Тналиев жылу мәселесі туындаған тұрғын үйлерге барып, жылу айналымын реттеу жұмысын қадағалады. Аталған мәселені шешу мақсатында магистральдық жылу желілерінің 12,4 шақырымы реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Ақтау қаласы инженерлік желілерін реконструкциялау жұмыстары бес аймаққа бөлініп жасалады. Олар: 1 аймақ – 1-6 шағын аудандар; 2-аймақ – 7-8-9-14-15 шағын аудандары; 3-аймақ – 22-23-24 шағын аудандары; 4-аймақ – 11-12-13 шағын аудандары; 5-аймақ – 26-27-28-28а-29 шағын аудандары.
Былтыр қалада жылу жетіспеушілігін жою мақсатында қосымша 9 дана блокты-модульді қазандық (БМК) орнатылды. Олар 28А, 17, 33, 13, 15, 19, 19А, 32А, 33 шағын аудан «Аққу-2» орналасқан. Бұл блокты-модульді қазандықтар (БМК) 57 тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді.
Тазалық мәселесі
Ақтауда өзекті мәселенің бірі тазалық. Қалада тұрғындардан шығарылған қоқысты полигонға тасымалдаумен айналысатын 8 компания бар. Олар: «Каспий Оперейтинг» ЖШС, «Мұнайлы қызмет» ЖШС, «СоцСервис-А» ЖШС, «Евро Сервис Джо» ЖШС, «Атамекен-Тазалық» ЖШС, «WRC» ЖШС, «Эко Каспий» ЖШС, «Көктем-Тазалық эко» ЖШС. Әр мекеме тұрғындармен өздері келісім-шартқа отырып, қоқысты шығарады.
Тұрғындар тарапынан қала әкіміне «Ақ желкен» тұрғын үй массивіндегі қоқыс орнын тазалау бойынша өтініш түскен болатын. 2024 жылы 11 сәуір күні қала әкімі жауаптылармен бірге «Ақ желкен» тұрғын үй массивіндегі қоқыс орнына барды. Ұлықбек Тналиев аталған жердегі қоқыс орны бойынша жауаптыларға қоқысты алып тастауды тапсырған болатын. Тапсырма берілгеннен кейін Өмірзақ ауылына қарасты «Ақ желкен» тұрғын үй массивінде заңсыз тасталған 19 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Одан бөлек, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қала бойынша сенбіліктер жиі ұйымдастырылады. Осыған дейін өткізілген сенбіліктер аясында жалпы 118 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Қалада тұрғын үй маңында орналасқан тозығы жеткен қоқыс контейнерлерін жаңарту мақсатында 2023 жылы жаңа 700 дана қоқыс контейнерлері орнатылды. Биыл «Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі» жаңадан 800 дана қоқыс контейнерін орнатуды жоспарлап отыр. Қалада кеміргіштермен күресу мақсатында дератизация және дезинсекция жұмыстары жүргізіледі. Былтыр теңіз жағалауындағы «Самал» шағын ауданынан бастап «Ақтау теңіз сауда портына» дейін, сонымен қатар «Ақ желкен»(Приморский) елді мекені, Өмірзақ ауылы және 16, 17 шағын ауданы 20км2 аумағында кеміргіштерге қарсы дератизация жұмыстары жүргізілді. Биыл «Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі» дератизация жұмыстарын қаладағы «Самал» шағын ауданынан бастап Өмірзақ ауылына дейінгі теңіз жағалауында, «Ақтау теңіз-сауда портының» маңы, «Ақ желкен» тұрғын үй массиві және 16, 17, 18, 19, 20-шағын ауданда жүргізуде. Ал дезинсекция жұмыстары қала аумағындағы барлық ойын алаңдарында жүргізілуде.
Көгалдандыру мәселесі
Ақтауда көгалдандыру мәселесі өзекті. Қаладағы ағаштарды есепке алу мақсатында арнайы дендрологиялық жоспар жасақталған. Жыл басынан бері қала аумағында 3835 ағаш отырғызылды. Оның ішінде 1983 дана қылқан жапырақты, 1852 дана жапырақты ағаш бар. «Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі» жасыл желектерді суару, отырғызу, түптерін қопсыту, тыңайтқыштарды салу, әктеу, ағаштардың қураған бұталарын кесу жұмыстарын қадағалайды. Ай сайын техникалық қадағалаушы «Маңғыстау эксперименталдық ботаникалық бақ» тарапынан атқарылмаған жұмыстар бойынша тиісті анықтама ұсынылады. Ақтауда жасыл желектерді зиянкестерден сақтау мақсатында мамыр айының басында Ж. Жиембаев атындағы «Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының» мамандары қаладағы жасыл желектерге мониторинг жүргізген болатын. Арнайы зертханада жүргізілген талдауға сәйкес тиісті ұсыныстар берілді. Осы ұсыныстар негізінде қаладағы жасыл желектерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.
Ақтауда шағын ауданның іші және периметрі бойынша орналасқан жасыл желектер кестеге сәйкес суарылады. Аталған жұмыстарға «Green city Aktau» мекемесінен бөлек, тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекемелер (ПИК,МИБ,ПКСК) жұмылдырылды. Қалада көгалдандыру, жасыл желектерді суару, күтіп ұстау, тазалық жұмыстарында тұрғындар тарапынан сұрақ туындаса, олар «Green city Aktau» телеграм каналы арқылы сұрағын жолдай алады. Аталған телеграм канал әкім тапсырмасымен ашылған болатын.
Тұрғын үй мәселесі
Тұрғын үй мәселесі де өзекті саланың бірі. 2023 жылы 19А шағын ауданда 23 мың шаршы метр болатын 432 пәтерлі 9 қабатты 5 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, «Отбасы банк» арқылы тұрғындарға пайдалануға берілді.
Одан бөлек, ауданы 32 мың шаршы метрді құрайтын 443 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Олар: 33 ш/а (Акку-3) 6 блоктан тұратын тұрғын үй және 18 ш/а экспериментальды 9 қабатты 4 блоктан тұратын тұрғын үй.
Кері байланыс
Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев тұрғындардың мәселесін тыңдап, жауабын беру үшін жауапты бөлім басшыларымен шағын аудандарды аралайды. Қала әкімі 20 мыңға жуық тіркелушісі бар «Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграм чатында» тұрғындардан түскен сұрақтарға жауап береді. Сондай-ақ, Ұлықбек Тналиев Ақтау қаласы әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшаларында тұрақты түрде ұйымдастырылған тікелей эфирде тұрғындардың сауалына жауап береді. Ұлықбек Тналиев Ақтау қаласының әкімі лауазымында болған кезден бастап 27 тікелей эфир өтті. Тікелей эфир барысында өзекті мәселелер талқыланып, қала тұрғындары өз сұрақтарына нақты жауап алды.
Абаттандыру жұмыстары
Ақтау тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында 2023 жылы теңіз жағасын бойлай, 12-шағын аудан ту тұғыры, Тобанияз Әлниязұлы ескерткішінің және облыс әкімдігінің маңына жаңадан 400 орындық пен 400 қоқыс жәшігі орнатылды. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 7-шағын аудандағы «Мәңгілік алау» және «МИГ-21 ұшағы» монументі жаңартылды. Атап айтқанда, Жеңіс алаңындағы «Мәңгілік алау» монументі сырланып, жаңадан плиталар орнатылды. Алаңдағы 30-ға жуық жарық бағыналары сырланып, шамдары ауыстырылды. Былтыр қала бойынша барлығы 8 спорт алаңы мен 10 балалар ойын алаңы салынды. Сонымен қатар, «Жылы жағажай» автомобиль жолының бойындағы жарық шамдар жаңартылды. Атап айтқанда, «Ақ желкен»(Приморский) тұрғын үй массивіндегі каналдан бастап «Tree of life» демалыс орнына дейінгі автомобиль жолының жарық шамдары жаңасына ауыстырылды.
Жаңа автобустар қолданысқа берілді
Ақтауда тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында 2023 жылдың қараша айынан бастап 2024 жылдың наурыз айына дейін «Каспий» ӘКК-мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы жеңілдетілген несиемен метан газды қозғалтқышты 70 автобус қалаға жеткізілді. Аталған автобустар №3, №5, №7, №4м маршрут автобустарын жаңартуға, №8 маршрут автобустарын толықтыруға және №1, №6, №9 маршруттарын іске қосуға бағытталды.
Ақтау қаласының туристік әлеуетін арттыру мақсатында қалада түнгі ауысымда қатынайтын №10, №11 маршрут іске қосылды. Қала тұрғындары бұл автобустарды «Infobus» мобильді қосымшасы арқылы бақылай алады.Екі автобус сағат 22:00-06:00 аралығында белгіленген кестеге сәйкес жүреді. Қоғамдық көлік камерамен және GPS қондырығысымен жабдықталған.
Үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді
Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев шағын аудан тұрғындарымен кездесу барысында жиі қойылатын сұрақтардың бірі мектеп мәселесі. Қаладағы үш ауысымды мектеп мәселесін шешу мақсатында 13 000 орындық 10 мектеп салынады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 8 білім ордасы бой көтереді. Оның 6-ның құрылысы былтыр басталды. Олар мына мекен-жайларда орналасқан: 33 ш/а (1200 орын) және Рауан елді мекеніндегі (300 орын), 16 (1500 орын) және 17 ш/а (900 орын), 20 ш/а (1500 орын), 19 ш/а (1200 орын). Ал биыл құрылысын бастау жоспарланған екі мектеп 38 шағын ауданда(1500 орынды) және 39 ш/а(2500 орын) орналасады. Сонымен қатар, қалада «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы 18, 19А шағын аудандарда әрқайсысы 1200 орындық 2 мектептің құрылысы жүргізілуде.