Ақтау қаласының әкімі қалада су тапшылығын жоюға қатысты жобалардың нақты қашан аяқталатынына жауап берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиевтің айтуынша, қаланы 5 аймаққа бөліп, инфрақұрылымдарды жаңарту жұмыстары жоспармен жүріп жатыр. Осы жылы 1-шағынауданнан бастап, 6-шағынауданға дейінгі инфрақұрылымдар жаңартылады.
-Маңғыстау облысының басқа облыстардан ерекшелігі теңіз бар, алайда тұщы судың табиғи мүмкіндіктері жоқ. «МАЭК» мекемесінен суды тұтыну қысқы мезгілде тәулігіне 32 мың текше метр болса, жазда бұл көрсеткіш 52 мың текше метрге дейін өседі. 2015 жылы Ақтауда 186 мың халық болса, бүгінде ол көрсеткіш – 284 мыңды құрап отыр. Медициналық қызметті тұтынатындар саны – 350 мыңға жуық. Бұл дегеніміз – халық санының өсуі өте қарқынды. Жазғы мезгілде өңірге 450 мыңға жуық турист келетіні тағы бар. Сондықтан, сумен қамтамасыз ету желілеріне салмақ әсіресе жазда түседі. Тағы бір мәселе - жоғары қабаттарға қысымның дұрыс бармауы. Шағымдарды ескере отырып 2022 жылы жоба басталды, 2023 жалы қысымды көтеретін 7 сорғы станциясы орнатылған еді. Ал, Каспий су тұшыту зауытының модернизациясы жылдың аяғында тәмамдалады. «МАЭК» станциясындағы 6 мың текше метр су қондырғысын салу жобасы осы аядың аяғы іске асады. Одан бөлек «МАЭК-те» дистилляциялық тұшыту қондырғысы арқылы 4 мың текше метр су өндіретін қондырға іске қосылады. Тағы бір жоба - «МАЭК-те» кері осмос арқылы 24 мың текше метр суды айдау қондырғысы бар станция 2025 жылы 1 маусымда іске қосылуы керек. Мақсат – осы жылы судың жетіспеушілігін азайту, келер жылы – су тапшылығын мүлдем жою, - дейді қала әкімі.