Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тінәлиев кеше екі тұшыту зауытында мәселе болғанын айтты. Сондай-ақ, ол теңіздегі су температурасының жоғарылауына байланысты МАЭК-те ауыз су өндірісінің көлемі төмендегенін жеткізді.
"Қазір тәулігіне 6 мың текше метр су өндіретін қондырғыға электр қуатын қосу жұмысы жүріп жатыр. Ақшұқырда екі тұшыту қондырғысы бар. Кеше екі сорғы істен шығып, біреуі қайта қосылды, екіншісі қазіргі уақытта жөнделіп жатыр. Олар күніне 9 мың текше метрге дейін ауыз су өндіруге қауқарлы. Соның жанында 4 мың текше метр су өндіретін қондырғы бар. Осындай шаралармен келесі аптада қосымша көлемді 20 мың текшеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз", - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тінәлиев.
Теңіздегі су температурасының жоғарылауына байланысты МАЭК-те өндіріс көлемі төмендеген. Қазір тәулігіне 48 мың текше метр су өндіріліп тұр. Жауаптылар тапшылықты алты мың текше метр су өндіретін қондырғы есебінен жабуды жоспарлап отыр. Ол 10 күннен кейін іске қосылмақ. Әкімдікте төтенше жағдай енгізу туралы мәселе көтерілген. Бірақ әзірге аса қажеттілік жоқ деп отыр.
"Бүкіл қалада тапшылық жоқ. Кейбір шағынаудандарда және жоғарғы қабаттардағы үйлерде бар. Ал төменгі аудандарда тапшылық жоқ. Барлық шағым ЦУВС-4 арқылы су алатын жоғарғы шағынаудандардан түсіп жатыр. Инженерлік желілер ескірген, MAЭK-тен шығатын судың қысымын 12 атмосфераға көтерсек, желілер оған шыдай алмайды. Сондықтан қысым 3-4 атмосфераға беріледі. Одан әрі жоғарғы қабаттарға су жеткізу үшін қысым 5-6 атмосфераға дейін көтеріледі", - деді қала әкімі.