Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті БАҚ қызметкерлері күніне орай еліміздің және Маңғыстау облысының жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін үш күндік пресс-тур ұйымдастырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, баспасөз турының бірінші күні журналистер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Шекара қызметі департаментінің «А» арнайы мақсаттағы қызметі мен бірінші жағалау күзеті бөлімшесінің оқу-жаттығу полигонында болды.
– Баспасөз туры Маңғыстау облысында алғаш рет өткізіліп отыр. Бұған дейін мұндай шаралар Астана мен Түркістан облысында ұйымдастырылған болатын. Комитет алдағы уақытта жергілікті БАҚ-пен тығыз байланыста болу және тиімді байланысты сақтау үшін еліміздің барлық өңірлерінде осындай іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Сіздердің еңбектеріңіздің қоғам үшін маңызы зор, біз БАҚ өкілдерінің елімізде болып жатқан оқиғалар туралы азаматтарды хабардар етудегі еңбегі мен үлесін жоғары бағалаймыз, - деді ҰҚК баспасөз қызметі басшысының орынбасары Майгүл Айнабекова.
Баспасөз-туры аясында баспасөз қызметінің қызметкерлері БАҚ-та лаңкестік әрекеттер мен дағдарыстық жағдайларды көрсетудің ерекшеліктері туралы айтты.
Арнайы жасақтардың оқу-жаттығу полигонында қонақтарға Ұлттық қауіпсіздік комитеті арнайы бөлімшелерінің заманауи қару-жарақтарының, техникасының үлгілері көрсетіліп, 10 метр тереңдіктегі қысым камерасында құрғақ сүңгуір ұйымдастырылды. Практикалық ату жүргізілді.
Жағалау күзетінің теңіз шекарашылары өрт пен апаттық жағдай кезінде күресуге арналған оқу-жаттығу станциясының жұмысын көрсетті.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кемелер мен қайықтардың шекаралық экипаждарының төтенше жағдайларда қалай әрекет етуге дайындалатынына куә болды.