© Фото Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасынан алынды
Ақтаудағы шілде айының 13 күні облыстық онкологиялық диспансерде саркома қатерлі ісігінің алдын алу бойынша ашық есік күні өтеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансердің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Ашық есік» күнін өткізудің негізгі мақсаты – саркома қатерлі ісігі және оның қауіптілігі, дертті ерте сатыда анықтаудың маңыздылығы жөнінде халықты құлағдар ету.
«Саркома – сирек кездесетін қатерлі ісік. Негізінен 60-70 жас аралығындағы адамдарда жиі болады. Бұл ауру барлық қатерлі ісіктердің шамамен 0,03% құрайды», - дейді облыстық онкологиялық диспансер директорының орынбасары Ерхан Әбітаев.
Сондықтан саркома қатерлі ісігі туралы тұрғындарды хабардар етіп, оның алдын алу үшін қазір еліміз бойынша айлық өтуде. Еліміздің барлық бастауыш медициналық ұйымдарында және онкологиялық орталықтарында Баспасөз мәслихаттары ұйымдастырылып, семинар-тренинг, шеберлік сағаттары мен вебинарлап өтіп жатыр.
«Біз саркома қатерлі ісігі туралы не білеміз, оның алдын алудың жолдары қандай? Сіз осы сұрақтардың барлығына 13-шілде күні Ақтау қаласындағы онкологиялық диспансерге келіп, жауап табасыз. «Ашық есік» күнінде кез келген тұрғын өз денсаулығын тексертіп және онкологтардан тегін кеңес ала алады», - деп жазылған баспасөз баянында.
Ашық есік күні 13 шілде күні сағат 9:00 мен 13:00 аралығында 1 «А» шағынаудандағы облыстық онкологиялық диспансерінің ғимаратында өтеді.