Ақтау әкімдігінде коммуналдық мәселелер жөніндегі штаб отырысы өтті. Жиында қала бойынша тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекемелердің жұмыс кестесін өзгерту туралы шешім қабылданды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыста Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі, «МАЭК» ЖШС, «Каспий жылу, су арнасы» МКК, «Green city Aktau» ЖШС, «Қазақтелеком» АҚ және тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекеме өкілдері қатысты. Жиын шешіміне сәйкес, тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекемелер(ПИК, МИБ, ЖС, БК) 1 шілдеден бастап жаңа кесте бойынша жұмыс істейді. Яғни, дүйсенбі-жұма жұмыс күндері болып белгіленсе, сенбі және жексенбі күні тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекемелер(ПИК, МИБ, ЖС, БК) демалады. Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрадин Көшербаевтың айтуынша, бұл өзгерістер тұрғындар тарапынан түсетін шағымдарға және коммуналдық қызметтерді тиімді пайдалану үшін енгізілді.
-Коммуналдық мәселелер жөніндегі штаб отырысында қала бойынша тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекемелердің(ПИК, МИБ, ЖС, БК) жұмыс кестесін өзгерту туралы шешім қабылданды. Бұл өзгерістер тұрғындар тарапынан түсетін шағымдарға және коммуналдық қызметтерді тиімді пайдалану үшін енгізілді. Бұған дейін тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекемелер сенбі күні жұмыс істеп, дүйсенбіде демалатын еді, - деді Нұрадин Көшербаев.
Сондай-ақ, штаб отырысында тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекемелерге 2024-2025 жылғы жылыту маусымына дайындық мақсатында тұрғын үйдің жылу желілерін тексеру, жуу және тұрғын үйдегі жылу құбырларын қысыммен тексеру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Одан бөлек, жиында тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекеме өкілдеріне тұрғын үй ауласын көгалдандыру мақсатында «Green city Aktau» ЖШС-мен келісім-шарт жасақтау керегі айтылды.