© Архив
Қазір Ақтаудағы аязға байланысты кей жерлерде теңіз беті жағадан шамамен 150 метр қашықтықта мұзбен жабылған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО-ға сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы подполковник Рәтбек Демеубергеннің айтуынша, бүгінде мұздың қалыңдығы 5 сантиметрге дейін жетеді. Қатқан мұз адамның салмағын көтере алмайды. Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелеріне сәйкес мұздың қауіпсіз қалыңдығы кемінде 10 сантиметр болуы тиіс.
«Егер мұз опырылып, суға түсіп кетсеңіз, келесідей әрекеттер жасау қажет: дүрбелеңге салынбаңыз, оқыс қимыл-қозғалыс жасамаңыз. Сондай-ақ мүмкіндігінше терең және баяу дем алыңыз, дереу көмекке шақырыңыз және мұздың шетіне ілігуге тырысу қажет. Онымен қоса кеудеңізді көтеріп, мұз жамылғысы берік жаққа қарай жорғалаңыз»,- деп кеңес берді Рәтбек Демеуберген.
Сонымен қатар ол соңғы уақытта әлеуметтік желілерде адамдар дауылды ауа райында теңізге сүңгу фактілері немесе тыйым салынған және белгіленбеген орындарында шомылу бойынша бейнероликтер орналастырылып жатырғаны туралы да атап өтті. Маманның айтуынша, бұл ең алдымен – су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзуға жатады. Осыған байланысты Департамент азаматтарды ережелерді бұзуға жол бермеуге шақырады. Сондай-ақ мұндай әрекеттер үшін ӘҚБтК шеңберінде әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Айта кетейік, егер сіз қиындыққа тап болсаңыз немесе оқиғаның куәгері болсаңыз, құтқару қызметіне 112 нөмірі арқылы шұғыл қоңырау шалған жөн.