© Архив
Бұл туралы ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров теңізге шыға алмайтын елдердің LLDC конференциясында мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ереван қаласында өткен іс-шараға сондай-ақ Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Непалдың Сыртқы істер министрі Нараян Пракаш Сауд, Замбия Көлік және логистика министрлігінің өкілі Ирине Бвалия Мулоши Тембо қатысты.
Сессия барысында конференцияға қатысушылар «2014-2024 жылдарға арналған Вена іс-қимыл бағдарламасын іске асыру барысында көліктік өзара байланыс саласында алынған сабақтар» тақырыбын талқылады.
Айта кетерлігі, Қазақстан аумағы бойынша теңізге шыға алмайтын ең ірі дамушы ел болып табылады. Өз кезегінде БҰҰ-ның LLDC елдеріне арналған бағдарламасы 2003 жылғы Алматы декларациясында да, 2014-2024 жылдарға арналған Вена іс-қимыл бағдарламасында да теңізге шықпай-ақ елдердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдауда аса маңызды рөл атқарады. Осы ретте вице-министр жиналған көпшілікке соңғы он жылдықта Вена іс-қимыл бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндап берді.
«Бүгінгі таңда біз Орталық Азия мен Еуропа арасында тасымалдау сапасын арттыру үшін барлық жағдай жасауға мүмкіндік беретін жаңа логистиканы жолға қою мүмкіндіктерін көріп отырмыз. Қазақстан Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия және Еуропа сияқты экономикалық алыптар арасында орналасқан және өз кезегінде өңірдегі көлік-транзиттік әлеуетті дамыту мен көлік дәліздерін жаңғырту үшін зор күш-жігер салуда. Соңғы 15 жылда Қазақстанның көлік саласына шамамен 35 млрд АҚШ доллары инвестицияланған. 2,5 мыңнан астам темір жол, 13 мың шақырым автомобиль жолдары салынған, Қытаймен шекарада «Қорғас-Шығыс қақпасы» құрғақ порты, сондай-ақ қуаттылығы жылына 21 млн тонна Ақтау және Құрық теңіз порттары нәтижелі жұмыс істеуде. Тиімді транзиттік трансконтинентальды дәліздер мен маршруттар желісі құрылды. Бүгінде еліміз бойынша 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді, оның ішінде 5 темір жол және 8 автомобиль дәлізі», деді вице-министр Мақсат Қалиақпаров.
Жалпы Солтүстік дәліз бойында 2015 жылдан бастап бірыңғай көлік-логистикалық компания жұмыс істейді. Ол Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша бірыңғай оператор қызметін атқарып, бірыңғай өтпелі мөлшерлеме мен логистикалық қызметтерді ұсынады. Логистикадағы жаһандық өзгерістерге қарамастан, бұл дәліз транзиттік тасымалдарды жүзеге асырудағы өзектілігін жоғалтпайды және шығыс-батыс бағытындағы контейнерлік тасымалдардың шамамен 80 пайызын алады деп болжануда.
Сонымен бірге осы бағытта Транскаспий халықаралық көлік маршрутының рөлі арта түсті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жүктерді тасымалдау көлемінің екі есе өсуі осының бірден бір дәлелі.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдан бастап Қазақстан, Қытай, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Украина, Румыния, Польша және Болгарияның теміржол, теңіз әкімшіліктері мен логистикалық операторларының қатысуымен халықаралық Транскаспий халықаралық көлік бағыты қауымдастығы өз жұмысын бастаған болатын.
«Өткен жылдың қараша айында Ақтауда біз Әзербайжан, Грузия және Түркиямен «тар жерлерді» синхронды жою және орта дәлізді дамыту жөніндегі 2027 жылға дейінгі Жол картасына қол қойған едік. Осы құжатты іске асыру дәліздің өткізу қабілетін жылына 6 млн тоннадан 10 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді», деп атап өтті М.Қалиақпаров.
Осы ретте орта дәлізді дамыту шеңберінде Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы жүк тасымалын арттыру бойынша маңызды шаралар қабылданып жатқанын айта кеткен орынды. Оның ішінде, 2025 жылға дейін Ақтау портында «контейнерлік хаб» салынады деп жоспарланып отыр. Бұл тасымалдау көлемін жылына қосымша 300 мың жиырма футтық эквивалентке дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.