Мұзқата ауруына ауа райы суыған кезде мұзды шөпке жайылған жылқы шалдығады. Бұл аурудың қаупі мен емдеу жолы туралы Онды аулының ардагер мал дәрігері Қаржаубай Бейсенғұлұлы Көшен айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстаудың биік жайылымдарында қараша-желтоқсан айында кей жылдары жаңбыр жауып, мұзғалақ болады.
Осы кезде өсіп тұрған шөптің бұтағына да мұз қатып, ол бармақтан да жуан болып қатады. Осындай кезде мұзды шөпке жайылып, мұзды бітеулей жұтқан жылқы аталған ауруға шалдығуы мүмкін.
Бітеулей жұтылған мұз ішекте де ерімейді. Салдарынан – ішек қабырғасын тоңдырып, ауырады.
Ауырған жылқы артқы аяғын бүгіп, итше отырады немесе басын қарнына бұрып, тың тыңдағандай кейіпте болуы мүмкін.
Егер оның ішіндегі мұз ерімесе, буаз биелер құлын тастап, жылқылар өле бастайды.
Мұндай сәтте қалай көмек керсету қажет?
Бұл жағдай байқалғанда жылқыны тездетіп үйірімен айдап, мұз түспеген немесе жұқа түскен терең сай-сала, ойпаң жерге жеткізу керек. Егер жақын маңда жабық қора болса – ықтап қамап, оны жемдеу керек. Сонда жылқының жағы қимылдап, іші жылынып, жазылып кетуіне мүмкіндік болады.