Ақтауда Тайланд Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы елшілігі тай тағамдарының дайындалуы бойынша шеберлік сабағын өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Rixos Water World Aktau-да өткен шеберлік сабағын Тайланд Корольдігінің еліміздегі елшісі Чатчаван Сакорнсин мен тай елінің үздік аспаздары өткізді.
Елші Чатчаван Сакорнсиннің айтуынша, бұл жиын нағыз тай тағамдарының шын мәнінде қандай болатынын көрсетуге бағытталған.
- Маңғыстау өңірінде тай тағайдарын кеңінен ұсынғымыз келеді. Біздің тағамдар Қазақстанда өте танымал. Мысалы, том ямды әрбір рестораннан табуға болады. Осы шара арқылы тай тағамдарының дайындалу жолын Rixos Water World Aktau аспаздарына көрсетіп жатырмыз, - деді елші.
Шеберлік сабағында аспаздар төрт негізгі тағам мен тәтті әзірледі. Кешке қатысушылар сиыр еті қосылған тай ащы салатының, тауық етінен пад тай, том ям кунг және жылқы еті қосылған массаман каридің дәмін татты.
Ал ақтаулық аспаздар шеберлік сабағында үйренген тағамдарды келесі жылдан бастап ас мәзіріне қосуды жоспарлап отыр.
- Тай аспаздарымен бірге бірнеше тағам түрлерін дайындадық. Бүгін ас мәзіріне қосатын өте дәмді тағамдарды дайындап үйрендім. Ас үйдегі құпияларымен бөліскен аспаздарға алғысымызды білдіреміз, - деді Rixos Water World Aktau-дың бас аспазы Мухиттинжан Данаджы.
Сонымен қатар, екі ел аспаздары бірлесіп гастрокешкі ас ұйымдастырды.