Облыста жылыту маусымы басталғалы 26 тұрғын улы және табиғи газдан уланған. Қаза тапқандар жоқ. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жылыту маусымы басталар кезде ТЖД, жергілікті атқарушы органдар және жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, халық арасында профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Халықтың әлеуметтік осал топтарының 3 693 тұрғын үйі есепке алынды. Тамыз-қыркүйек айларында халықтың әлеуметтік осал топтарынан бөлек, 12 мыңнан астам адамның мекенжайы бойынша өрт-профилактикалық жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 876 тұрғын үйде өрт қауіпсіздігі талаптарының 1,7 мыңнан астам бұзушылығы анықталды.
Жыл басынан бері тұрғын үй секторында 48 мыңнан астам аула аралау жұмыстары жүргізілді. 191 мыңнан астам азаматқа тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі қағидаларының негізгі талаптары түсіндірілді.
- 2019 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлерінде газ талдағыш датчиктерін сатып алуға және орнатуға 55 млн. теңге қаражат бөлді. Бүгінгі таңда халықтың әлеуметтік осал топтарының барлық тұрғын үйі газ талдағыш датчиктермен қамтамасыз етілген. Департамент қызметкерлерімен жоспарлы түрде тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі және газдан улану бойынша кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде көптеген тұрғын үйде газ талдағыш датчиктері орнатылған. Алайда тұрғындар газ талдағыш датчиктерін тоқ көзінен ажыратып, қолданбау фактілері анықталуда. Осындай жағдай соңғы 2 топтық улану фактілерінде анықталды, - дейді ТЖД баспасөз қызметі.
Осы ретте Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындарына газ жүйесі талаптары мен өрт қауіпсіздігін сақтауды ескертеді.