Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің жеке құрамымен кездесіп, олардың материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министр атқарылған жұмыстар туралы баяндамаларды тыңдап, өңірді төтенше жағдайлардан одан әрі қорғау жөнінде бірқатар тапсырма берді. Жеке құраммен кездесуде ТЖМ бөлімшелері қызметкерлерін оқытуға, біліктілігін арттыруға және жұмыс жағдайларын жақсартуға қатысты мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ сапар барысында министр "CASPI BITUM "БК"ЖШС аумағында өрт-тактикалық оқу-жаттығуға қатысты. Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты - мұнайдың газойль фракцияларын сақтауға арналған резервуарларда өртті сөндіруге дайындық деңгейін тексеру.
Оқу-жаттығуға Маңғыстау облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің, "Семсер-Өрт сөндіруші" ЖШС, "Зевс Энерго" ЖШС, "МАЭК" ЖШС, "Ақтау Сервис"ЖШС күштері мен құралдары жұмылдырылды. Газ-су сөндіру машинасының жұмысы көрсетілді.