Тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын бастамас бұрын қалалық тұрғын үй инспекциясы техникалық сараптама жүргізуі қажет. Соның негізінде тұрғындар жөндеуді өз қаражаты есебінен жүргізеді. Сондай-ақ меншік иелері «Қайтарымды қаражат» бағдарламасымен несие алып, жөндеу жүргізуге мүмкіндігі бар. Бұл туралы Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясының мамандары айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- «Қайтарымды қаражат» бағдарламасы арқылы меншік иелерінің 2/3 бөлігі келісім бойынша 0,1% жылдық мөлшерлемемен 7 жылға дейін несие алып, өз тұрғын үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізе алады. Тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын істеу үшін тұрғындардың 2/3 бөлігі келісім беруі керек. Меншік иелері жазбаша келісімін берген соң, жергілікті атқарушы орган жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлейді. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленгеннен кейін «Ақтау тұрғын үй» ЖШС мамандандырылған уәкілетті ұйымы пәтер иелеріне мердігер ұйымдардың тізімін ұсынады. Тұрғындар күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін компанияны таңдағаннан кейін «Ақтау тұрғын үй» ЖШС мамандандырылған уәкілетті ұйымы, қызмет көрсетуші мекеме және мердігер компания арасында үш жақты келісімшарт жасақталады. Тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу осы келісімшарт арқылы орындалады, - деді Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің маманы Айдар Ыбрай.
Сондай-ақ тұрғындарға мемлекет тарапынан тұрғын үй көмегі қарастырылған. Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу секторының меңгерушісі Жанар Өтепбергенова тұрғын үй көмегі зейнеткерлерге, мүгедектегі бар әр топтағы жандарға, жұмыссыздарға, көпбалалы аналар мен толық емес отбасыларға берілетінін айтты.
- Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен ҚР аумағындағы жалғыз тұрғын жай ретінде меншік құқығында тұрған тұрғын үйде тұрақты тіркелген және мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын жайда нақты тұратын тұрғындарға беріледі. Ақтау қаласы бойынша шекті жол берілетін шығыстар үлесі отбасы жиынтық табысының 3%-бен белгіленген. Ал жалғызбасты және ерлі-зайыпты зейнеткерлерге, мүгедектегі бар әр топтағы жандарға 1%-мөлшерінде белгіленген, - деді Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу секторының меңгерушісі Жанар Өтепбергенова.