Сатылған пәтерлердің көпшілігі ресми сайттар мен әлеуметтік қосымшаларда («Крыша», «OЛХ», «Кортер», «Instagram» және т.б.) орналастырылған.
«Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңның 7-бабына сәйкес тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру әдістері нақты белгіленген. Осылайша, үлескерлерден ақша тартуға рұқсатсыз пәтерлерді сатқаны үшін Әкімшілік кодекстің 320-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Прокурорлық қадағалау қорытындысы бойынша 2023 жылы 35 құрылыс салушы жалпы сомасы 27 миллион теңге айыппұлмен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, 5 проблемалы құрылыс салушы ҚазҚСҒЗИ-дан (қауіпсіздік бойынша) оң қорытынды алып, сол арқылы 1 мыңға жуық үлескердің баспана алу құқығын қорғады.
Алайда қаладағы тұрғын үй кешендерінің құрылысын жүргізіп жатқан құрылыс компаниялары өздері алдын ала сатып алу-сату шартын заңсыз жасайды.
«Осыған байланысты біз сатып алушылардың жаңа ғимараттарда пәтер таңдау кезінде жиі жіберетін қателері туралы хабарлаймыз. Таңдауыңызда қателеспеу үшін бірнеше тармаққа назар аудару қажет. Құрылыс компаниясының жергілікті атқарушы органдардан алған жер учаскесіне тиісті құқық беру туралы шешімі, инженерлік қамтамасыз ету көздеріне және инженерлік коммуникацияларға қосылудың техникалық шарттары, сондай-ақ үлескерлерден қаражат тартуға рұқсаты болуы керек.
Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органның бас сәулетшісімен келісілген сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен эскизі, егжей-тегжейлі жоба сараптамасының оң қорытындысы және құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама болуы маңызды. Егер бұл құжаттар ұсынылмаса, құрылыс жобасы заңсыз деп танылады, яғни рұқсат құжаттары берілмейді», - деді прокурорлар.