Қала тұрғындары балалар мен жасөспірімдерге арналған теннис спорт мектебінің үстінен шағым түсірді. Ата-аналардың айтуынша, спорт мектебінде жылу жоқ. Сондай ақ желтоқсан айынан бері жаттығу тоқтатылған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- 2018 жылдан бері менің екі балам осы жерде үлкен тенниске жаттығып жүр. Біз администрация мен тренерлері тараптарынан өз жұмыстарына деген селқостық байқаймыз. Оларға қояр сұрағымыз көп. Ал дәл қазір ең үлкен мәселе - жаттығу залында жылудың жоқтығы мен балалардың мұндағы оқу жаттығуы тоқтатылуы. Облыстық спорт басқармасынан жауап күтеміз, - дейді ата- ана.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы инженерлік коммуникацияларға байланысты жөндеу жұмыстары жүріп жатқанымен теннис мектебі жұмыс істеп тұрғанын айтты.
- Теннис мектебінде жер асты жылу желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан жаттығу сабақтары басқа спорт мектебінде өтеді. Жаттықтыру шаралары тоқтамайды. Теннис мектебінің балаларының ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, - дейді спорт басқармасының баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, қаламыздағы теннис орталығы 2018 жылы желтоқсан айында ашылған болатын. Содан бері бұл мектепте спорт шебері және Қазақстан чемпионы Бейбіт Жұқаев, 18 жасқа дейінгі ел чемпионы Даниял Рахматуллаев, 12 жасқа дейінгі республикалық чемпионаттың қола жүлдегері Диас Төлепбергеновтер тәрбиеленді. Олар сондай-ақ халықаралық жарыстардың да жүлдегерлері болып ел намысын қорғады.