Түпқараған аудандық орталық ауруханасының ұйымдастыруымен алғашқы рет жүкті әйелдерге арналған форум өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мені қолымнан жетелеші, анашым» тақырыбында форум ұйымдастырушылар аналарды қолдау, жүктілік кезіндегі қауіп-қатерлердің алдын алу, нәресте өлімін болдырмау, босану кезеңі, босанғаннан кейінгі күтім туралы толық ақпарат берді. Ана денсаулығына дұрыс көзқарасын қалыптастыруға арнап флешмоб, ақпараттық үлестірме материалдары мен түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, форумды Түпқараған орталық аудандық аурухана бөлімінің меңгерушісі Айнұр Закирова "Нәресте күтімі" тақырыбында баяндама оқып, бала күтімі бойынша дәрігерлік кеңестерін ұсынды.
«Жүктілік дегеніміз не? қандай белгілері бар? анықтау жолдары, есепке тұру, сараптамалардан өту, дәрумендер ішу, дұрыс тамақтану «Жүктілік және оның барысы» баяндамасында гинеколог- дәрігер Айнұр Азанқызы таныстырды.
Айта кетейік, Түпқараған ауданы бойынша 417, Форт-Шевченко қаласы бойынша 157 жүкті әйел тіркеуде тұр. Сондай- ақ, олардың уақытылы тексерістен өтуі, бақылануы бойынша жұмыстар рет-ретімен жүргізіледі. Алайда, аналардың денсаулығына салғырт қарауы, өздерінің күтімі туралы ақпарат ұдайы беріліп отырғанымен кемшіліктер жіберіліп жатады. Сондықтан, дәрігер қабылдауға келудің маңызы, босануға дайынддық барысына ерекше тоқталды.
Форум жүкті әйелдер мен босанған әйелдерге психологиялық қолдаудың да маңызын ескеріп, «Босанғаннан кейінгі депрессия» тақырыбында да баяндама арқылы ақпарат ұсынды. Психиатр-нарколог дәрігер Ақтілек Аманова Ақтілек жас аналарға түсіндіру жұмысын жүргізді.
Форум қатысушылары, толық ақпарат алып, өз денсаулығына жауапкершілікпен қараудың маңызын түсіндірген ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.