Маңғыстау облысындағы волонтерлік топтар мен ұйымдарға биыл 300 000 теңге көлемінде 15 шағын грант беріледі. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте МО жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мұқаш Оралбай мәдімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, үздік волонтерлік жобаны анықтау мақсатында шағын грант беру бойынша бүгінде 38 өтінім түсіп, техникалық іріктеу кезеңі басталған.
- Қазіргі таңда өңірде волонтерлікпен 53 бастамашыл топ, 10 үкіметтік емес ұйым қызмет атқарады. Облыста барлығы 5230 волонтер бар. Жыл басынан бері бірқатар волонтерлік ұйымның ұйымдастыруымен өңірде экологиялық акциялар өтіп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты аналарға, қарт адамдарға материалдық, психологиялық тұрғыдан көмек көрсетілді, - деді Мұқаш Оралбай.
Сондай-ақ брифинг барысында «Ұлттық волонтерлік желісі» ЗТБ өңірлермен өзара іс-қимыл жөніндегі бағыттың басшысы Ақерке Құсанова волонтерлікті мемлекеттік қолдау стандартын біржолғы енгізу мақсатында 17 облыста және республикалық маңызы бар 3 қалада іс-шаралар мен кездесулер кешенін өткізу басталғандығы мен шара барысында талқыланатын тақырыптарды айтып өтті.
- Аталған іс-шара барысында волонтерлікті дамытуға ықпал ететін табысты тәжірибелер мен жобаларды анықтау, аймақтардағы волонтерлік саладағы бар проблемалар мен қажеттіліктерді талдау, сонымен қатар, ҮЕҰ, волонтерлер топтары мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы ынтымақтастықтың ықтимал жолдарын талқылау және 2024-2027 жылдарға арналған волонтерлікті дамытудың жол картасына ақпарат жинау сынды тақырыптар талқыланады, - деді Ақерке Құсанова.