Қала тұрғындары жылыту маусымы басталып, ыстық су берілгелі – оның сапасына шағымдануда. Судың түсі – қара, иісі – жағымсыз. Жыл сайын қайталанатын бұл құбылысқа "МАЭК" ЖШС жауап берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«МАЭК» ЖШС өкілдерінің айтуынша, олар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келетін ыстық суды облыс орталығына беріп, қаланы сумен қамтамасыз етеді. Қаладан кері құбыр арқылы қайтарылған ластанған ыстық су ЖЭО-1-ге түседі, онда сүзгілер арқылы тиісті тазалаудан өтеді. Содан кейін тазаланған су құбыр арқылы қайтадан қалаға жөнелтіледі.
- Бұл цикл бірнеше рет қайталанады. Тазарту жүйесі әр айналым сайын суды тазартады. Әр жолы қаладан келетін судың сапасы белгілі бір деңгейде ғана тазартылып отырады. Сондықтан суды тазарту біртіндеп жүзеге асады, - делінген "МАЭК" ЖШС баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сапасыз ыстық суға қатысты шағымдар — нысандарды жылыту маусымына дайындаудың салдарынан(жылу жүйелерінің нашар жуылуы).
Роза Әділханқызы