Пәни жалғанның жүзінде 77 жыл өмір сүріп, оның 56 жылын ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ісіне арнаған жерлесіміз, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин белгісінің иегері, математика пәнінің мұғалімі Ордалы Қосай ағамыз өлке тарихында есімі алтын әріппен жазылатын білікті маман, ұлтжанды азамат еді.
Бүгін біз ол кісінің атын өткен шақта айтып тұрғанымызбен, оның тірлікте тындырған ісі келер ұрпақтың қамын жеп, болашақтың есесін түгендеуге арналғанын барлығымыз жақсы білеміз. Ол 1947 жылы Маңғыстау ауданының Тұщықұдық ауылында дүниеге келіп, еңбек жолын өзі туып-өскен ауыл мектебінде мұғалімдік қызметтен бастады. 1967-1979 жылдар аралығында қызметтік лауазымы қатардағы оқытушыдан мектеп директорлығына дейін өскен Орекең, туған өлкесінің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, кеңес жұмысына тартылды. Аудандық кеңес аппараты қызметкері, ауылдық кеңес атқару комитетінің төрағасы, ауыл әкімі қызметін абыроймен атқарды.
Еліміз тәуелсіздігін алып, қазақ республикасының шаңырағына көк байрағымыз байланған соң, ұлттық мектеп моделін насихаттаған ағартушы, білім басқармасы жанындағы ардагерлер ұйымына жетекшілік етті.
Өңірдің мәдени өміріне араласып, зиялы қауым өкілі ретінде руханият дүниесіне үлес қосып, көпшілікке ұсынған «Ұлағат ұясы», «Кешені көрсін бүгінгі» танымдық жинақтары аймақ мұғалімдерінің көмекші әдістемелік құралына айналды.
Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, өңірдің ағарту саласына мол үлес қосқан ұлтшыл ұстаз Ордалы Мұқанұлының алды пейіш, арты кеніш болғай!
«Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған...» деп, Абай атамыз айтпақшы, аз ғұмырда артына өшпес із қалдырған аяулы жанның жарқын бейнесі жерлестерінің жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз.
«Маңғыстау ауданының құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің иегері Ордалы Мұқанұлын ақтық сапарға шығарып салып тұрып, марқұмның отбасына, туған-туыс, жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Қош, болыңыз, Маңғыстаудың марқасқа ұлы!
Көңіл айтушылар: Маңғыстау облысы әкімінің аппараты, облыстық мәслихаты, облыстық қоғамдық кеңес пен ардагерлер кеңесі