Түпқараған ауданында 3-7 маусым аралығында аудан мектептерінің 5 күндік оқу-далалық жаттығу жиыны жұмысын бастады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жиынның мақсаты - 10-сыныпта оқитын ер балалардың алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні бойынша алған теориялық білімін практика жүзінде нығайту, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, патриоттық бағыттағы тәрбиені негіздеу.
Жалпы 25-26 оқушыдан құрылған 5 взвод бар, әрбір взводқа командирлері тағайындалған, сондай-ақ далалық оқу жиыны басшысы, рота командирі, штаб бастығы, рота старшинасы бар. Олар жиын барысында оқушылар ҚР қарулы күштерінің қатарында әскери қызметке жылдам бейімделуге және қиындықтарды жеңуге арналған жаттығуларын орындайды. Нақтыласақ, тактикалық дайындық бойынша жеке қорғау құралдарын пайдаланып, ұрыс алаңында әскери тактикалық әдістердің түрімен танысады. Атыс дайындығы бойынша қаруды қолданудағы іс тәжірбелерді, пневматикалық винтовкадан көздеп ату ерекшеліктерін, ату тәртібін, сондай-ақ қол гранаталарын лақтырып үйренеді.
Түпқараған ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы А. Утесбаева оқушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде әскери оқу-жаттығу жастардың Отанға сүйіспеншілігін, әскери өмірге қызығушылығын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.