Түпқараған ауданының балықшылары мен қоғамдық кеңес мүшелері Каспий теңізінің қазақстандық секторының фаунасын қорғау және мониторингілеуге маманданған Маңғыстау облысының мемлекеттік органдарына жүгінді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Түпқараған ауданында балық аулауға лицензиясы бар 200-ге жуық кәсіби балықшы тіркелген. Ал бүгінде итбалықтар мен балықтардың қырылуы көбейіп кеткені аудан тұрғындарын алаңдатып отыр.
– Аптасына бір рет Каспий итбалықтары, балықтар, құстар көп мекендейтін аймақтарды аралап бақылаймын, олардың жағдайы онша жақсы емес. Мамырдың 6-сы Морской, Святой, Құлала аралдарын айналып жүріп, өлі қоқиқаздарды таптым, олардың қауырсындарына майлы зат жағылған. Өлі итбалықтар наурыз айында жағаға шығып қалды, жыл сайын олардың саны артып келеді. Біз, Түпқараған ауданының тұрғындары, мемлекеттік органдардан нақты жауап беруін сұраймыз – олардың өліміне не себеп? Мұнай компаниясының қызметі немесе вирус па? Олар басқа жануарларға ауру жұқтыруы мүмкін деп алаңдаймыз. Өлген итбалықтардың өлекселері ашық жерде өртеледі, бірақ олар толық жанбайды. Иттер олардың қасында жүреді, ал егер бұл вирус болса не болмақ? Үй жануарлары ауруды адамдарға таратуы мүмкін бе? Суға түсу маусымы алда, балаларды теңізге шомылуға жібере алмаймыз енді, - деді Руслан Жапанов мемлекеттік мекеме өкілдерімен кездесуде.
Ағымдағы жылдың бес айында 185 өлі итбалық пен 48 бекіре балығы анықталған. Сараптама қорытындысы әлі дайын емес. Ал, 2022 жылы итбалықтардың өліміне пневмония себеп болған делінген еді.
«Біз итбалықтардың өлуіне жол бермеуіміз керек», - дейді Каспий теңізінің қазақстандық акваториясының жағдайын бақылайтын мемлекеттік органдар мен ведомстволардың өкілдері.
– Каспий итбалығы популяциясының 90 пайызы біздің акваторияда. Өлімнің себептері әртүрлі болуы мүмкін - табиғи себептен вирусқа дейін. Кеме винтінің астына түсуі немесе балық аулау торынан зардап шегетін жекелеген жағдайлар да бар. Мәселен, Қазақстан қолданбалы экология агенттігінің мәліметінше, алдағы 2-3 жылда итбалықтардың пневмониядан өлу көрсеткіші артуы мүмкін. Дәл солтүстік-батыстан соққан жел кезінде мал өлекселері Түпқараған өңірінің жағалауына жеткізіледі деген болжам бар. Бүгін біз Қызыл кітапқа енген жануарлардың қырылуына жол бермеу үшін әр орган өз бағытында қандай шараларды қолға алатынын, мониторинг пен зерттеу бойынша бірлескен жұмысты қалай жақсартуға болатынын талқылау үшін жиналдық, – деді Жайық-Каспий өңіраралық бассейнінің басшысы Нұрлыбек Ғайсин.
Маңғыстау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Ілияс Сандыбаев мұнай компанияларының қызметінің Каспий теңізінің флорасы мен фаунасына әсерін қоса алғанда, барлық нұсқаларды қарастыру қажет деп есептейді.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті Каспий маңы бассейні үшін басқа елдердің тәжірибесін қарастыруды ұсынды.
Жиынға қатысушылар жауапты мемлекеттік органдарға өз ұсыныстарын жолдайтын болды.
Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Түпқараған ауданында және Атырау облысында екі қорықты құру жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап Каспий теңізін қорғау және мониторингілеу жұмыстары басталады.